Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Құрғақ есептің қажеті жоқ": Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтудегі басты қағидаларды айтты

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысына қатысты деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті. Президент Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында Елбасының көшбасшылығымен барлық қиындықтан өткенін, қуатты мемлекеттің іргесін қалағанын, енді егемендіктің төртінші онжылдығына қадам басқанын, бұл еліміз үшін аса маңызды кезең екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы ел тарихындағы елеулі мереке кезінде құр даңғаза мен ысырапшылдыққа жол беруге болмайтынын, әрбір шараны елге пайдасы тиетін нақты істерге ұластыру қажет екенін баса айтты. Экономика, әлеуметтік сала, білім, ғылым және басқа да бағыттар бойынша тың жобалар қолға алынатынына тоқталды.

"Тұтас мемлекетті қамтитын ауқымды іс-шараларды өткізген кезде айқын көзқарас, нақты ұстаным болуы шарт. Себебі өңірлердің бәрі орталыққа бейімделіп жұмыс істейді. Сіздерден бағдар алады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды. Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек", – деді президент.

Мемлекет басшысы қазір заман басқа, адамдардың санасы айтарлықтай өзгергенін, оған қоса, бүгінде барша әлем жұртшылығы күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын айтты. Қаржыны оңды-солды жұмсап, ұлан-асыр той жасайтын уақыт емес екенін, тиімсіз форумдар мен конференциялар өткізудің қажеті жоқтығын қадап тұрып жеткізген Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әлеуметтік жағдайына баса мән беру керегін, елдің тұрмысы түзелмесе, жетістіктерді мақтан етудің қажеті жоғын атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік аппарат осы сенім мен үмітті ақтауға тиіс деді.

"Үкімет менің тапсырмам бойынша Әлеуметтік кодекстің жобасын дайындап жатыр. Кодекс азаматтардың, әсіресе, көмекке мұқтаж адамдардың сұранысына толық сай келуі керек. Бұл біздің әділетті мемлекет пен ашық қоғам құру туралы идеямызбен үндеседі. Министрлер мен әкімдер "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидасын берік ұстануға тиіс. Азаматтардың арыз-тілектеріне жедел жауап беру қажет. Ең бастысы, Тәуелсіздіктің игіліктерін әрбір отандасымыз күнделікті тіршілігінде сезіне алатын болса – мақсатымыздың орындалғаны", – деді мемлекет басшысы.

Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығын осыған дейін қолға алған реформалар аясында ұйымдастырған абзал екеніне тоқталды. Бұл ретте саяси реформаның үшінші кезеңін жүзеге асыру жалғасады. Соның аясында қоғамды демократияландыруға бағытталған бірқатар заң қабылданады. Алдағы он жылда елдің жаңа келбеті және ұлттың жаңа болмысы қалыптасуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық, саяси және әлеуметтік жаңғыруды табысты жүзеге асыра алсақ елге жасаған ең үлкен сыйымыз осы болатынын баса айтты.

Президент 30 жылдыққа байланысты шаралар халыққа рухани серпіліс әкелуі қажеттігіне тоқталды. Бұл ретте руханият саласындағы жұмыс бірнеше бағыттан тұрады. Ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың еңбегін насихаттау аса маңызды жұмыстың бірі.

"Биылғы мерейлі жылға бірнеше атаулы дата тұспа-тұс келіп отыр. Жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150 жылдығы, тағы басқа бірнеше тарихи тұлғаның мерейтойы. Біз былтыр Абай мен Әл-Фарабидың мерейтойларын өте мағыналы өткіздік. Олардың тұлғалық келбеті мен өмір жолы, еңбектері халыққа үлкен ой салды. Бұл тәжірибені алдағы уақытта да ұстанған жөн", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

30 жылдық белестің мәнін халыққа түсіндіру, ақпараттық жұмысты дұрыс жүргізу де маңызды бағыттың бірі. Тәуелсіздік мерекесінің тұжырымдамасы "Жасампаздыққа толы жылдар" деп аталады. Сондықтан жасампаздық идеясы кеңінен дәріптелуі қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев мерекелеу барысында Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Тұңғыш Президентіміздің тарихи рөлі ерекше аталып, Елбасы саясатының сабақтастығы барлық іс-шаралардың идеологиялық өзегі болуы шарт екенін атап көрсетті.

"Тәуелсіздікті атап өткенде тәлімдік, тәрбиелік мәні бар ақпаратты ұсынып, жұртты тартатын жаңа стильді, жаңа форматты көбірек енгізу қажет. Әр жерде өткізілген іс-шаралар туралы құрғақ есептің қажеті жоқ. Елге өзгеріс әкелмесе, мыңдаған мадаққа толы мақалалардан еш қайыр болмайды", – деді Мемлекет басшысы.

Сөзін қорытындылай келе Президент Үкіметке республикалық штабпен бірлесіп, аталған ұсыныстарды Мерекелік жоспарға және Идеологиялық картаға енгізуді тапсырды. Сонымен бірге, мемлекетті нығайтуға, елімізді дамытуға үлес қосқан азаматтарға лайықты құрмет көрсетілетінін, мереке қарсаңында "Қазақстан Республикасының 30 жылдығы" мерейтойлық медалі шығарылатынын айтты.

"Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз және ол бәрінен қымбат! Біздің міндетіміз – кейінгі ұрпаққа кемел және қуатты Қазақстанды аманаттау", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Комиссия отырысында мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева сөз сөйледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897620-qurgaq-eseptin-qazeti-zoq-toqaev-tauelsizdiktin-30-zyldygyn-atap-otudegi-basty-qagidalardy-aitty/

pixel