Өскемен әкімі қала эмблемасына қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
Өскемен әкімі Жақсылық Омар қала логотипі мен Өскемен атауына қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қала тұрғындарының бірі әкімнің халықпен есеп беру кездесуі кезінде шаһардың жаңа логотипіне қатысты сұрақ қойды.
"Қаланың гербі бар еді ғой. Біздікілер тау мен қос өзеннен тұратын жаңа логотип ойлап атуыпты. Гербте де тау мен қаланың кірпіші қаланған 1720 жыл көрсетілген болатын. Неге гербті логотип ретінде қолдануға болмады?", – деп сұрады қала тұрғыны.
Жақсылық Омар логотипте қала құрылған жыл неге көрсетілмегенін түсіндірді. Анықталғандай, осы мәселені зерттеу барысында Еуропа қалаларының гербтерінде жыл көрсетілмейді екен.
"Бұл стиль "минимализм" деп аталады. Яғни, қаланы сипаттайтын екі-үш элемент қана болуы керек. Сол себепті айқыш-ұйқыш суреттер салынған, сандар жазылған гербтің қажеті жоқ. 1720 санын бәрі біледі. Өскеменді бәрі біледі", – деді әкім.
Ол, сондай-ақ, "Өскемен" атауына этимологиялық талдау жасады.
"Бәзбіреулер айтқандай, "Өскемен" жәй ғана әріптер үйлесімі емес. Бұл "мен осында өстім", "бұл менің жерім", "менің қалам" дегенді білдіреді. Екі тілдегі логотип ең ұтымды нұсқа деп ойлаймын", – деп түсіндірді әкім.
Сондай-ақ, ол қалаларда герб болмауы керек екенін айтты.
"Бір ғана герб болады. Ол – мемлекеттік герб", – деді қала басшысы.
Өскемен – Шығыс Қазақстан өңірінің облыс орталығы. Қала Ертіс пен Үлбі өзендерінің сағасында орналасқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897628-oskemen-akimi-qala-emblemasyna-qatysty-pikir-bildirdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.