RU

"Ұяты бар бала түйсінер еді": Отандық режиссер "ұятты" тақырыптарға қатысты ойын айтты

Мұрат Есжан
Мұрат Есжан. Фото: web.facebook.com

Қазақстандық режиссер, сценарист Мұрат Есжан соңғы уақытта ел талқысына жиі түсіп, күн тәртібіндегі мәселеге айналып бара жатқан кейбір "ұятты" тақырыптарға қатысты пікір білдірді. Шетелде білім алып келген білікті маман бүгінде жас буынға тыйым салынған дүниелер ашық түрде үйретіліп жатыр деген ойын ортаға салды деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Кино саласының өкілі қазіргі қоғамның дерті туралы пікірін Facebook парақшасында жазды.

"Либерализміңіз де шегінен асса, боғы шығады. “Айта берсін, өз еркі”, “істей берсін, өз еркі”. Сол либерализмнің ұстанымдарының бірі - “қоғамда табу тақырып болмау керек” емес пе еді?

Балаларға зинаға жақындама деп емес, былай, былай жақында деп үйретіліп жатыр. Одан гөрі табу тақырып күйінде тұрғанда, ұяты бар бала “түшш” дегеннен-ақ оның жаман екенін болмысымен түйсінер еді.

Әсілі, пенденің періштеден айырмасы - оның жан дүниесінде күнгей де, көлеңке де бар.

Сондықтан, барлық адам қадари қалінше ізгілікке ұмтылады, сөйте тұра, қай-қайсысы болмасын түрлі деңгейдегі жамандыққа бейім (склонный, способный). Тек сол зұлымдықтың “қорегі” мен ақталу себебін тауып берсеңіз болды. Қателеспесем, оны когнитивті диссонанс деп атаса керек.

Ал енді тыйым салынған тақырыптың қоясы ақтарылған сайын әлгі көлеңкелі тұстың қараңғысы қоюланып, өзінің өмір сүру қақын қаттырақ талап ете бастайтын секілді", - дейді ол.

Сондай-ақ, Мұрат Есжан жабық тақырыптарға қатысты қалыптасқан жаңсақ параллель бар екеніне тоқталды.

“Ауруын жасырған өледі” деп қояды. Қазақтың қай кезгі бір мақалын “келініне көз салған ата”, “еркекке қызыққан еркек”, “жігітке айналғысы келген әйел”, “жасына жетпей жүкті болған қыз” деген тақырыптарды жария етудің жолашары жасағысы келеді. Зады, ауруын жұрттан емес, емшіден жасырған өледі. Ал біз бірен-саран жағдаятты жалпақ жұртқа жария ету арқылы жазылып кеткелі жүрген секілдіміз. Ұранымыз сол баяғы, “қоғамда жабық тақырып болмау керек!”.

“Қалағаныңа жет. Өмір сенікі. Өз таңдауыңды жаса. Өз бақытыныңа ұмтыл. Бүгінгі күннің ұрандары - осылар. Осындай реалида адам жанының күнгей жағы ғана емес, көлеңкелі беті де бас көтеруі заңды. Өйткені, бұл ұрандардың бәрі менмендікке құрылған.

Қалау да, көзқарас та, мақсат та, арман да - құнды болғаны үшін құнды емес, менікі болғаны үшін құнды. Оны бақылауға алатын ұят-аят, салт-сана, ар-ұждан - тегіс мансұқталып үлгерген. Олар өткен, қараңғы дәуірдің сарқыншағы. Ал еркіне қоя берсе, адам баласы не қаламайды?!", - дейді режиссер өз жазбасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897654-uyat-bar-bala-tuisiner-edi-otandyq-rezisser-uyatty-taqyryptarga-qatysty-oiyn-aitty/