Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы тұрғыны үйіне тақап салынған бизнес-нысанның заңсыз екенін дәлелдей алмай әлек

Опубликовано:

заңсыз нысан
Фото: azattyq-ruhy.kz/Әсет Құндақбаев

Алматының Бостандық ауданында орналасқан жеке үйдің иесі мемлекеттік органдардың заңсыздығына шағымданды. Болат Қақпанбаевтың үйін қаржылы кәсіпкерлер қыспаққа алып, жерін тарылтып, өрт сөндіру қызметінің кіруіне және құрылыс нормалары мен ережелерін мүлдем сақтамай, көпқабатты ғимарат салған. Ол құрылыстың рұқсатсыз салынғанына және оны жауапты басқарманың мүлдем қадағаламағанына наразы. Бұл заңсыздықтарды айтып сотқа шағымданғанда, іс кәсіпкердің пайдасына шешілген.

Шағымын Azattyq Rýhy ақпарат агенттігіне жолдаған Болат Қақпанбаев Алматы қаласы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы, Алматы қаласы Қала құрылысын бақылау басқармасы және Бостандық аудандық соты «құрылыс монтаж жұмыстары мен жер туралы заңның» нормаларын сақтамаған жеке кәсіпкер Сергей Поплавскийдің мүддесін қорғап отыр деп есептейді.

Бостандық ауданы Жандарбеков 127 мекен-жайындағы ескі үй бұзылып, орнына коммерциялық нысан құрлысы 2019 жылы қаңтар айында басталған. Алайда кәсіпкер бұл туралы мемлекеттік органдарды құлақтандырмай, ғимарат құрылысын рұқсатсыз салған.

Көршілері шағымданған соң ғана Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасы жоспарсыз тексеру жүргізіп, 2019 жылдың 18 маусымында ҚР ӘПК 463-бабы негізінде 63 125 теңге айыппұл салумен шектеледі. Ал нысан иесі ары қарай құрлысты жалғастырып, бес қабатты кеңсені Болат Қақпанбаевтың жер үйіне тақап салғаны белгілі болды.

Болат Қақпанбаевтың зайыбы жаңа құрылыс пайда болғалы үйдің сыз тартып, көрші ғимараттың шатырынан құлайтын қар мен жауын суы қауіп төндіретінін айтады. Одан тыс өрт қауіпсіздігі де сақталмайды деп шағымданады.

«Бұл ғимарат пайда болғалы біздің үйге мүлдем күн түспейді, мына қапталдағы жер үнемі ылғал болып жатқандықтан, темірлер де, ағаштар да шіріп, үйдің іші ылғал тартып тұратын болды.  Негізгі талаптар бойынша біздің үй мен қоршаудың арасы 3 метр болуы тиіс еді, ал мына кеңсені кәсіпкер қоршауға тақап алды. Оның шатырынан құлаған қар, жауын суы біздің есіктің алдына ағып, көл болады. Одан тыс, құрылыс жүргізгінде де дәнекерлеу жұмыстарынан ұшқан оттың ұшқыны қызымның қолына тиіп, күйіп қалды. Жедел жәрдем, полиция шақырдық. Бірақ бұл көршіміз «білгеніңді істеп ал» дейді. Біз сияқты қарапайым адамдарды бұлай басынуға бола бере ме?», - дейді Райхан Қақпанбаева.

Үй иелері 2020 жылы қыркүйекте заңгер жалдап, ғимаратты пайдалануға беру актісін заңсыз деп тану туралы сотқа арыз түсірген. Талап арыз негізінде Алматы қаласы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы берген эскиздік жобада жердің шекарасы мен ғимарат арасы 6 метр деп көрсетілген.

Ал іс жүзінде ғимарат пен қоршаудың арасы 1,75 метр. Сондықтан мемлекеттік органдар берген акт заңсыз деп танылсын деген шағымды Бостандық аудандық сотының судьясы Ибрагимов қараған. Алайда, 8 қаңтар 2021 жылы шыққан сот шешіміне сәйкес, Жандарбеков көшесі 125 үйдің тұрғыны Болат Қақпанбаевтың талап арызы қанағаттандырымапты.

Жеке кәсіпкер Сергей Поплавский 5 қабатты бизнес орталықты 2020 жылы 14 қыркүйекте «Сәулет әлемі» ЖШС Амангелді Сембаев деген азаматқа сату-сатып алу келісімшарты негізінде сатқаны белгілі болды.

Бүгін Бостандық ауданының бас архитекторы Сәуле Ахметқазиева нысанның эскиздік жобадан ауытқып кеткенін растады. Алматы қаласы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы кәсіпкер Сергей Поплавскийге бастапқыда берілген жоба бойынша шегарадан ғимартқа дейінгі қашықтық 3,5 метр деп көрсетілген.

«Біз эскиздік жобасын бекітіп бергенбіз. Құрылыс және ережелер нормаларына сәйкес рұқсат берілгенімен, ары қарай ГАСК бақылауы тиіс болатын. Құрылыс жобамен салынып жатыр ма, оның жобадан ауытқып кетуі болды ма деген сұрақтарды Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасы қадағалауы тиіс еді. Жұмыс жобасын кәсіпкер тәуелсіз сараптамадан өткізеді. Соның негізінде құрылыс салынады.
Қазір мен қолымда эскиздік жобаны ұстап тұрмын, оны көтеріп қарағанда, визуалды түрде біз бекіткен жобана айырмашлығы көп. Яғни алғашқы жобадан анағұрлым ауытқып кеткен. Ғимарат пен қоршаудың арасы біздің берген құжатта 3,5 метр деп көрсетілген. Бірақ өздеріңіз көріп тұрғандай, ғимарат пен қоршау арасындағы арақашықтық 0-ге тең. Яғни СНиП (құрылыс нормалары және ережелері-авт.) мүлдем сақтамай салған», - дейді Бостанадық аудандық сәулет басқармасының басшысы.

Сәуле Ахметқазиева тұрғындар арыз жазса, Алматы қаласы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы мен Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасы бірігіп, бұл мәселені қайта қарауға уәде берді.

Тұрғындардың соттағы өкілі заңгер Сергей Уткин Бостандық аудандық сотының заңсыздықтарына назар аудартты. Белгілі адвокат аудандық соттың өкілі барлық заңсыздықтарға көз жұма қарады дейді.

Ол мемлекеттік органдардың берген қорытындылары мен тәуелсіз сараптамалар да «сатып алынған» деген күдігін жасырмады. Заңгердің пікірінше, құрылыс нормалары мен ережелдерді бұза отырып салынған кәсіпкерлік нысанды падалануға беру туралы акт заңсыз деп танылуы керек еді.

Тараптар алдағы уақытта тағы да соттаспақ. Үй иесі Болат Қақпанбаевтың 14 ақпанға дейін аппелияциялық шағым түсіруге мерзімі бар. Ол заңгермен ақылдасып, көпқабатты бизнес орталыққа берілген пайдалану туралы актісін заңсыз деп тану туралы шағым түсірмек.

Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі ғимараттың жаңа иесі «Сәулет әлемі» ЖШС директоры Амангелді Сембаевқа хабарласып, оның да пікірін білді. Кәсіпкер бизнес орталығы нарықтық бағадан арзан болған соң сатып алдым дейді. Бірақ мұндай жер дауы немесе құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес емес екенін білмегенін айтып ақталды. Ол жақын күндері Жандарбеков 125 мекен-жайындағы тұрғындармен кездесіп, олардың уәжін тыңдауға дайын екенін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897656-almaty-turgyny-uiine-taqap-salyngan-biznes-nysannyn-zansyz-ekenin-daleldei-almai-alek/

pixel