RU

Бірқатар өңірде ауа температурасы 30 градусқа дейін төмендейді

Қыс көрінісі
Көрнекі фото: pixabay.com

Бірқатар өңірде ауа температурасы 30 градусқа дейін төмендейді. Метеорологтардың болжамы бойынша Қазақстанға Скандинавиядан келетін суық антициклон әсер етеді. Жел екпіні күшейіп, тұман болады деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты еліміздің бірден 8 өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Қарағанды облысында соңғы екі тәулікте жолда қалып қойған 11 адам құтқарылды.

Қазір кеншілер өңірінде Қызылорда-Павлодар, Жезқазған-Петропавл" және Сәтбаев қаласынан Қостанай бағыты ашылды. Қалған күре жолдарда көлік қозғалысына рұқсат берілген жоқ. Солтүстік Қазақстан облысында да қар құрсауында қалған 60 адам құтқарылды. Өңірде демалыс күндері қатты боран соғып, барлық бағыттағы жол жабылды. Бірақ дабылды ескертуге қарамастан, жолға шыққандар көп.

"Мағжан Жұмабаев ауданы Писаревка ауылының маңында 57 адам құтқарылды. Қалың қардан 20 көлік шығарылды. Жол тазаланды", - деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов.

Ертіс өңірінде кейбір қалааралық жолдар әлі жабық. Қазіргі уақытта боран салдарынан үш бағыт бойынша барлық көлік түрлеріне шығуға рұқсат жоқ. Баянауыл ауданы арқылы Қарағанды облысына апаратын Қызылорда-Павлодар және Шідерті кентінен шекараға дейінгі аумақ жабылды. Ақмола облысының шекарасына дейінгі жолда да қозғалыс тоқтатылды.

"Облыстық төтенше жағдайлар қызметінде ауа райының бұзылуына байланысты жедел штаб құрылды. Шұғыл желі жұмыс істейді. Ақпарат алу үшін тұрғындар бізге хабарласқаны жөн. Жүргізушілерге алыс жолға шықпауға кеңес береміз. Ауа райы тұрақсыз", -деді облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Зейнет Мұрзабаев.

Ал елорданы қалың қар басып, бір айлық норманың жартысы жауған. Кей жерлерде қар қалыңдығы 29 см-ге дейін жетеді. Өткен тәулікте қала көшелерінде 85 жол көлік оқиғасы болып, таңертең ұзын-сонар кептеліске ұласқан. Зардап шеккендер жоқ. Желдің ұйытқуына байланысты Нұр-Сұлтан - Щучье бағыты да жабылды.

Синоптиктердің болжамына сүйенсек, алдағы үш күнде елде сынап бағаны 23 -30 градус аязды көрсетеді. Шығыста ауа температурасы 28 градусқа дейін төмендесе, батыста күн жылуы мүмкін. Алайда Атлантикадан келетін циклон әсерінен аймақта жаңбыр аралас қар жауып, арты көктайғаққа ұласуы ықтимал. Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері, азаматтарға алыс жолға шықпауды ескертеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897951-birqatar-onirde-aua-temperaturasy-30-gradusqa-deiin-tomendeidi/