Нұр-Сұлтан тұрғындары аспандағы ерекше құбылыстың куәсі болды (фото)
Жарияланған күні:
Нұр-Сұлтан тұрғындары аспанда пайда болған "гало" атты құбылыстың куәсі болды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Гало - Күн айналасында екінші реттік жарықтың пайда болуымен сипатталатын оптикалық құбылыс. Бұл жолы гало сақина тәрізді болды.
Елорда тұрғындары таңғажайып атмосфералық құбылысты таңғы уақытта байқаған. Мұндай құбылыс көбінесе Қазақстанның солтүстік қалаларында ақпан-наурыз айларында пайда болады: күн сәулелері ауада, яғни тропосфераның жоғарғы қабаттарында, 5-10 шақырым биіктікте шағын мұз кристалдарына сынған сәтте осындай құбылыс туындайды.
Галоның алуан түрі бар: ол шеңбер, сақина, доға, баған немесе "алмаз шаң" түрінде болуы мүмкін. Мысалы, екі жыл бұрын Ақорданың үстінен "үш күн" көтерілгендей оптикалық құбылыс пайда болған еді. Астаналықтар бұл құбылысқа таңырқап, қызу пікір қалдырған болатын. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл құбылысты "ақырзаман" белгісі және "басқа ғаламшарға порталдардың" бірі деп атаған.
Еске салсақ, бұған дейін Ресейдің Камчатка түбегінде көкте жарылған метеорит көпшіліктің назарына іліккенін жазған болатынбыз.
Бұл жайттың видеосы әлеуметтік желілерде белсенді түрде тарай бастаған. Видеода метеориттің құлауы және оның атмосферада жарылған сәті анық байқалады.
Объектінің диаметрі 10 метрге сәл жетпеген, ал жарылыс энергиясы тротил эквивалентінде 1-5 килотонна аралығында болған деп болжауға болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898042-nr-sltan-trgyndary-aspandagy-erekse-kbylysty-kusi-boldy-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.