Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде нашақорлыққа салынған жолдасы мен баласынан айрылған ана өкінішін айтты

Опубликовано:

Әйел адам
Фото: NUR.KZ

Ақтөбеде 64 жастағы ана аутрич-қызметкерлерінің қатарында жүр. Ол ерікті түрде есірткі тұтынушыларға қауіпті инфекциядан сақтану жолдарын түсіндіреді. Зейнеткер емі жоқ жұқпалы ауруға қарсы күрес тобына өз қалауымен кірген. Айтуынша, жолдасы мен баласы нашақорлықтан қайтыс болған деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Менің екі балам болды. Олар 15-16 жастарынан есірткіге әуестенді. Мүмкін олардың тағдырын мен таңдап берген болармын... Себебі күйеуім де есірткі шекті. Жолдасым да, балаларым да бірнеше рет түрмеге отырып шықты. Есірткі пайдалану үшін ақша іздеді. Оның оңай жолы - ұрлыққа барды. Оларды дер кезінде тоқтата алмадым. Кенже балам қазір өмірде жоқ. Оның қазасы есірткіден болды деп ойлаймын. Одан қалған екі бала қазір менің қолымда. Балаларым 15 жастан кейін-ақ менен алыстап кеткенін кейін түсіндім. Олардың ашулануын өтпелі кезең деп ойлаған едім. Бәрі кеш. Жолдасым түрмеде қайтыс болды. Нашақорлықтан денсаулығыннан айрылды", - дейді зейнеткер.

Тұрғын облыстық ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықта 2006 жылдан бері аутрич-қызметкер болып жұмыс істейді. Өміріндегі өкінішті жайларды баяндаған ол өзгелерге бала тәрбиесіне мұқият болса дейді.

"Мен ата-аналардан бала тәрбиесіне мұқият болуды сұрар едім. Олардың балалықпен жасаған қателігі өмір бойына бас тарта алмайтын тәуелділікке әкелуі мүмкін. Баланың кез келген түсініксіз әрекетін уақытында шешуге тырысыңыз. Болашақта үлкен өкініштерге әкелмес үшін оның кіммен сөйлескені де маңызды. Нашақорлық – жазылмас дерт. Одан екінің бірі өз еркімен құтыла алмайды", - дейді ол.

Облыстық ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық мамандарының мәліметінше, қазіргі таңда АИТВ инфекциясымен Ақтөбеде 334 адам есепте тұр. Оның 60 пайызы ер адамдар, 40 пайызы әйел адамдар.

"20-29 жас аралығындағы жастар ішінде инфекцияның таралуы 49 пайызға жетті. Соңғы кезде басым көрсеткіш жыныстық қатынас арқылы жұғу. Оның ішінде қарапайым халық, жастар арасында таралып тұр. Оның ішінде әлеуметтік жағдайы жақсы санатындағы адамдар арасында тіркелді", - дейді облыстық ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың дәрігер-эпидемиологы Алтынай Артықбаева.

Мамандар аутрич-қызметкерлері арасында семинар өткізіп, АИТВ жұқпасына жедел тексеру әдістерін түсіндірді.

Облыста ВИЧ инфекциясын жұқтырғандардың ең жасы – бір жасқа толмаған бала. Анасынан емшек сүті арқылы жұқтырған. Ең үлкені 60 жастан жоғары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898063-aqtobede-nasaqorlyqqa-salyngan-zoldasy-men-balasynan-airylgan-ana-okinisin-aitty/

pixel