Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бірде-бір адам коронавирус жұқтырмаған ауылдың тұрғындары "құпиясымен" бөлісті

Опубликовано:

Фото
Фото: Sputnik/Айгерім Таубай

Коронавирус індеті басталғалы бір жылдай уақыт болды. Осы уақыттан бері Жамбыл облысы Меркі ауданына қарасты Аспара ауылдық округінде бірде-бір адам инфекция жұқтырмаған. Мұның сыры неде? Ауыл өркениеттен алыс орналасқан ба? Бұл сұрақтарға Sputnik Қазақстан агенттігі жауап іздеп көрді.

Аспара – Меркі ауданы орталығынан 33 шақырым жерде орналасқан ауылдық округ. Құрамына Аспара, Қайыңдысай, Құмарық ауылдары кіретін округте 1 660 адам тұрады.

Үш ауылда бүгінде 312 үй түтін түтетіп отыр. Бір мектеп, медициналық пункт және клуб жұмыс істеп тұр.

Ауылдық округте 63 жастан асқан 80-ге жуық зейнеткер тұрады. Ең егде жастағы ер адам 92 жаста. 100 жастағы екі кейуана бар. Олардың ешқайсысы коронавирус жұқтырмаған.

Екі жылдан бері округті басқаратын Гаухар Оспанбекованың айтуынша, мұның сыры темірдей тәртіпте.

"Карантинді жақсы сақтадық, мықтап кірістік десе де болады. Той-думанды тоқтаттық. Карантин басталған кезде ауылдың екі жағына блок-бекеттер қойылды. Кіріп-шығуға тыйым салдық. Меніңше, түсіндіру жұмыстары жақсы жүрді. Тұрғындарға тазалықты сақтаңыздар, медициналық маскасыз жүрмеңіздер деп қайталаумен болдық", - дейді ауыл басшысы.
Фото
Аспара ауылдық округінінің әкімі Гаухар Оспанбекова. Фото: Sputnik/Айгерім Таубай

Өткен жылдың наурызында блок-бекеттер қойылып, карантинге жабылатыны хабарланған соң қалада оқуда жүрген жастардың бәрі ауылына қайтқан еді.

Гаухар Оспанбеков өзге қаладан келген студенттерді де жіті қадағалағандарын айтады.

"Иә, сыртта оқып жүрген студенттер пандемия басталған кезде ауылға келді. Кімнің қай жақтан келгені, қай ауылға баратыны туралы ақпаратты ауданнан алып отырдық. Шамамен ауылға қай уақытта жететініне дейін хабар келіп отырды. Блок-бекет қойылған жерге барып, әрқайсысын жеке-жеке тексердік. Үйіне жеткен соң да бақылап отырдық, ауылға бір кірген адамды сыртқа шығарған жоқпыз", - дейді округ әкімі.

Сол уақытта блок-бекетте ауданнан бөлінген тәртіп сақшылары жұмыс істеген. Себебі Аспара мен көрші Ақермен ауылдық округіне бір учаскелік полицей бекітілген.

Гаухар Оспанбекованың сөзінше, ауыл халқы тыныш, тәртіпті сақтайды.

"Инфекцияның бұл ауылға жетпеуінің алғашқы себебі – осы", - дейді ол.

Ауылдарда пандемия басталғалы бері той-томалақ өтпеген. Ауыл ақсақалдары бұл маңда жасырынып той өткізетін орынның жоқ екенін де атап өтті.

"Ауылға кірген-шыққан адам аз. Қазір ешкім ешқайда бармайды. Той-томалақ деген жоқ. Бірлі-жарым жасырын жасайтындай бізде ауылда кафе-мейрамхана жоқ қой. Соның арқасы шығар, ауру бізге келмеді", - дейді Аспара ауылының ақсақалы Жарылқасын Байжұманов.

Ауылдағы шағын медицина пунктінде төрт медбике жұмыс істейді. Аспара және Ақермен ауылдық округіне бір дәрігер бекітілген. Аспараға дәрігер аптасына бір рет келіп тұрады.

Медбике Зухра Райымқұлованың айтуынша, жазда ауыл ішінде тұмаумен ауырғандар болған, алайда ауруы асқынып ауруханаға түскендер жоқ.

Фото
Ауыл медбикесі Зухра Райымқұлова. Фото: Sputnik / Айгерім Таубай

"Жаздыгүні тұмаумен ауырғандар болды. Ол кісілерді дәрігер қарады. Біз жазып берген дәрісін күнделікті салып отырдық. Бір күнде бес адам келген күндер болды. Бұған дейін мұндай жағдай болмаған еді", - дейді медпункт медбикесі Зухра Райымқұлова.

Сақтықта қорлық жоқ деген ұстаныммен жұмыс істеген мамандар кей кездері апта сайын, кейде айына бір рет коронавирустың бар-жоғын анықтауға тест тапсырған.

"Өзіміз үшін тест тапсырып отырдық. Не дегенмен халықпен жұмыс істейміз. Ал ауыл арасында ешкімнің ауырмауы әркім өзін қорғағаннан деп ойлаймын. Бәріміз жаппай маска тақтық, антисептик қолдандық. Сыртқа шықпаңдар деді, соны тыңдадық", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898106-kirip-syguga-tyiym-saldyq-birde-bir-adam-koronavirus-zuqtyrmagan-auyldyn-akimi-qupiyasymen-bolisti/

pixel