Алматы облысы білім басқармасының басшысы қамауға алынды
Жарияланған күні:
Сот Алматы облысы білім басқармасының басшысы Майгүл Омарованы екі ай қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, бірқатар лауазымды тұлғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 366-бабы 4-бөлігі (Алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адамның қомақты мөлшерде ақша түрінде пара алуы) және 367-бабы 4-бөлігі (Алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адамның қомақты мөлшерде пара беруі) бойынша іс қаралуда.
Алматы облысы білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова, сонымен қатар "Алматы облыстық білім беру саласындағы ақпараттық технологиялар ғылыми-практикалық орталығының" басшысы Арапби Меңлібаев қамауға алынған.
"2021 жылы 4 ақпанда Талдықорған қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктілер Омарова мен Меңлібаевқа қатысты екі айға күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Күдікті Абдолдановаға қатысты үйқамаққа алу түріндегі шара қабылданды", - деп хабардар етті құзырлы орган.
Қазіргі уақытта аталмыш факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Тергеу мүддесіне сәйкес басқа мәліметтер жария етілмейтіні айтылды.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысы білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова мен "Алматы облыстық білім беру саласындағы ақпараттық технологиялар ғылыми-практикалық орталығының" басшысы Арапби Меңлібаевтың ұсталғаны хабарланған болатын.
Тергеу екі шенеунік пандемия жағдайында кеңсе техникасын сатып алу кезіндегі сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы бар деп санайды.
Одан бөлек бұл істе Алматы облысы білім басқармасының күрделі жөндеу және мемлекеттік сатып алу бөлімінің бас маманы Бақыт Абдолданованың есімі аталған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898118-almaty-oblysy-bilim-basqarmasynyn-bassysy-qamauga-alyndy/