Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бірнеше айдан бері жалақысын ала алмай жүрген семейліктер жанайқайын жеткізді

Опубликовано:

Семейліктер
Скриншот: "КТК" арнасы

Семейде қараусыз қалған ет комбинатының күзетшілері айлығын сұрап, наразылық білдірді. 20 шақты қарауыл осы уақыта дейін ғимараттың тоналып кетпеуін күзеткен. Бірақ олар бірнеше айдан бері тиісті еңбекақысын алмаған. Тіпті, айлықты кімнен сұрарын білмейді деп хабарлайды КТК арнасы.

Кеңес Одағы кезінде дүркіреп тұрған кәсіпорындардың бірі болған ет комбинатының бүгінде тас-талқаны шыққан. Қаңыраған ғимаратта күзетшілерден басқа жан жоқ.

Бірақ олардың өзі бұл жұмысқа көп тұрақтамайтын болған. Себебі комбинат басшыларында айлық төлейтін ақша жоқ.

Комбинатты 10 жыл күзеткен Сәуле Әкішеваға кәсіпорын жарты миллион теңге қарыз екен.

"Жалақы бермейді. Қанша ай алған жоқпыз. Біресе ана сотқа, мына сотқа барамыз. "Әне-міне, береміз" дейді. Әне банкрот, міне банкрот. Солай жүрміз", - дейді Семей қаласының тұрғыны Сәуле Әкішева.

Жалақының жоқтығынан күзетшілердің көбі жұмыстан шығып кеткен. Алайда олардың айлығы сол күйі төленбепті.

"Қарыз бар. Оны кімнен сұраймын? Жаңа келген директор маған "сен кімсің?" дейді. Құтылу үшін директорды ауыстыра береді. Міне, бір директор болған. Келсем, екінші директор тұр", - дейді Семей қаласының тұрғыны Советбек Тоқсанбаев.

Адал ақысын сұрағандар еңбек инспекциясына да арыз түсірген. Жауапты мамандар, бас-аяғы 206 адам айлығын даулап жүргенін айтты. Оларға ет комбинаты 54 миллион теңге берешек. Қарызды өндіру үшін іс сот орындаушыларына тапсырылыпты.

"Бүгінгі күні еңбек инспекциясының нұсқамасы берілген. Сонымен қатар жеке сот орындаушысына тапсырылды. Бүгінде Төлеубек Бейсекенов осы құжаттармен жұмыс істеуде", - дейді Семей қалалық еңбек заңнамасын бақылау бөлімінің басшысы Ерлан Ниетқабылов.

Ал сот орындаушысы комбинаттағы құрал-жабдықтарға бағалау жұмысы жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бағасы белгіленгенен кейін нысан сатылымға шығарылады.

Сол саудадан түскен қаражат жұрттың қордаланған жалақысын төлеуге жұмсалмақ. Бірақ ол жұмыс екі-үш айға созылатынын атап өтті.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898158-birnese-aidan-beri-zalaqysyn-ala-almai-zurgen-semeilikter-zanaiqaiyn-zetkizdi/

pixel