Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үлгі тұтарлық": Автобуста түсіп қалған телефонды иесіне қайтарған алматылық жүргізушіге ел сүйсінді

Жарияланған күні:

Автобус бағыты 128
Фото: Facebook/Елена Денисова

Алматыда автобус жүргізушісі жолаушының қалтасынан түсіп қалған қымбат смартфонды иесіне қайтарып берді. Алматы тұрғыны телефонды қайтарған жүргізуші мен оны тапқан белгісіз балаға алғыс айтады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Елена Денисова қаладағы №128 бағыттағы автобуспен үйіне жетіп, сонда ғана телефонын жоғалтып алғанын аңғарған.

"Көп рахмет! №128 бағыттағы автобус жүргізушісіне алғысым шексіз. Ұлымыз екеуміз аталған автобусқа отырып, үйге келдік. Сол кезде ғана телефонымды түсіріп алғанымды ұқтым. Бірден өз нөміріме қоңырау шалдым. Тұтқаны көтерді. Мен телефоным күртешемнің қалтасынан түсіп қалғанын, телефонның қабында жеке куәлігім, банк картасы және ұлымның абонементі жатқанын айтып түсіндірдім.

Тұтқаның ар жағындағы кісі маған автобус жүргізушісі екенін, телефон өзінде тұрғанын айтты. Мен одан алып кетуге рұқсат сұрап едім, ол бірден "иә, болады" деп жауап берді", - дейді жолаушы әйел.

Телефонды жүргізушіге жолаушы бала әкеліп бергені белгілі болды.

"Жүргізушінің айтуынша, кішкентай бала телефонды ұлым екеуміз отырған орыннан тауып алыпты. Сол балаға да адалдығы үшін, берген тәрбиесі үшін ата-анасына рахмет! Жүргізушіге де, балаға да мың алғыс! Сіздерге және отбасыларыңызға денсаулық тілеймін", - дейді Елена Денисова.

Телефонын тапқан Алматы тұрғыны жүргізушінің атын сұрамаған. Желідегілер бұл оқиғаны кейіпкері туралы толығырақ білгісі келетіндерін жазған. Олар қазіргі кезде мұндай адал адамдардың азайып бара жатқанын айтады.

"Жарайсыз, осындай адамдармен әлем одан сайын жақсара түседі", "Ұлға да, жүргізушіге алғыс!", "Жүргізуші мен баланың әрекеті үлгі тұтарлық екен, мына өмірде тәрбиелі адамдар қалыпты" дейді қала тұрғындары.

KAZ.NUR.KZ тілшісі аталған автобус бағытының жүргізушісін анықтады.

Жүргізушіні әріптестері "Мотыш" деп атайды екен. Шын аты - Мырзахан Садықов. Аталған автобус бағытында 14 жыл бойы қызмет етіп келеді. Ол табылған телефонды тапқан бойда қалтасына салып, жолаушының келуін күткен екен.

"Маған телефонды кішкентай бала әкеп берді. Иесі соңымда келе жатқан автобуспен қуып жетер деп, қалтама салып қойдым. 20 минуттан соң телефонға қоңырау түсті. Бір аялдамадан күтіп тұрып, алып кететін болып келісті. Мұндай жағдай жылына бір-екі рет болып тұрады. Көбінесе жолаушылар сөмке, киімдерін ұмытып кетеді", - дейді тәжірибелі жүргізуші.

Садықов Мырзахан 1977 жылы Ұзынағаш ауылында дүниеге келген, бес баланың әкесі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898196-areketi-ulgi-tutarlyq-avtobusta-tusip-qalgan-telefondy-iesine-qaitargan-almatylyq-zurgizusige-el-suisindi/