Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Телефоныңды тыңдаймын": Жаңақорғандағы колледж қызметкерлері директордан қоқан-лоққы көргенін айтты

Опубликовано:

Жомарт Шауенов
Фото: Жаңақорған аграрлы- техникалық колледжінің Facebook парақшасынан

Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің бір топ қызметкерлері KAZ.NUR.KZ редакциясына хабарласып, білім беру ұйымының директорына шағымданды. "Психологиялық қысым" көрдік деген олар колледж басшысының телефонды тыңдап, бейнебақылау камерасымен аңдып, қоқан-лоққы жасайтынын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын Жаңақорғандағы аграрлы-техникалық колледж мамандары директорға ұжымдық арыз түсіргенін жазғанбыз.

Арызда директордың қызметкерлерді қайта-қайта қысқартумен қорқытқаны жазылған еді.

Ұжымдық арызға қол қойған қызметкерлер өздеріне жасалған қоқан-лоққы туралы айтып берді.

"Ұжым қызметкерлеріне психологиялық қысым жасау орын алуда. Атап айтар болсақ, "сіздердің телефонмен кіммен қалай сөйлескендеріңіздің барлығын тыңдап отырамын" деп қысым көрсетіп, ұжым арасында үрей туғызып отыр. Біздің "жұмысқа келіп-кетуімізді бейнебақылау арқылы бақылып отырамын" деп айтқанымен, өзі көп жағдайда түске дейін жұмыс орнында болмайды.

Онымен қоса, "сіздердің араларыңызда әрқайсыңыздың ішкі әрекеттеріңізді жеткізіп отыратын адамдарым бар" деп қоқан-лоққы жасайды. Осындай әрекеттерінен кейін біздің ұжымдастар арасында сенімсіздік туындады. Жомарт Шәуенов мырзаның педагогикалық деңгейінің тағы бір айғағы - осы таңға дейін педагогикалық кеңестің өтпеуі", - дейді шағымданушылар.

шағымданушылар тізімі
Фото: Қыдырбай Қошқарбаев

Шағымға 24 қызметкер қол қойған.

"Біз, аталған коледждің бір топ қызметкерлері мекемені 2019 жылдан басқарып келе жатқан колледж директоры Жомарт Шәуеновтың іс-әрекеттеріне төзе алмаушылықтан осы арыз арқылы жазуға мәжбүр болып отырмыз.

Жомарт Шәуенов қызметке келгелі бері ұжымымыздың берекесі кетіп, мазасыз күйге түсіп отырмыз.

Оның қарамағындағы қызметкерлермен қарым қатынасы, жиналыстарда өзін өзі ұстауы, сөйлеуі этикалық және педагогикалық талаптарға мүлдем келмейді деп есептейміз. Қазіргі таңда жағдай күрделі", - дейді шағымданушылар.

Арыз жазушы қызметкерлердің айтуынша, осы қызметке дейін Жомарт Шәуенов Жаңақорған аудандық білім бөлімінде шаруашылық меңгерушісі қызметін атқарған.

"Солай бола тұра, құжаттарда Жомарт Шәуеновтің Жаңақорған аудандық білім бөлімінің басшысының орынбасары қызметін атқарған деген мәлімет енгізіліп, осының негізінде конкурс талаптары өрескел бұзылған деп есептейміз.

Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығының 97-бабы 4-тармағында конкурсқа кімдер қатыса алатындағы ашық көрсетілген. Алайда Жомарт Шәуенов жоғарғы оқу орнынан кейінгі педагогикалық немесе тиісті кәсіптік білімі, бейіндік тәжірибесі және білім ордасында бес жылдан асатын педагогикалық жұмыс өтілі, санаты болмаса да жалған құжатпен конкурсқа қатысқан", - деп жазады колледж қызметкерлері арызда.

Арыз жазушы топ қолдарында аудандық білім бөлімі қызметкерлерінің еңбек өтілін және еңбекақысын есептеу үшін категориясын анықтау жөніндегі комиссияның қолдарымен бекітілген хаттама бар екенін айтады.

"Жалған құжат дейтін себебіміз, қолымыздағы аудандық білім бөлімі қызметкерлерінің еңбек өтілін және еңбекақы есептеу үшін категориясын анқтау жөніндегі комиссияның қолдарымен бекітілген хаттамасында Жомарт Шәуеновтың шаруашылық меңгерушісі қызметін атқарғандығы көрсетіліп, оған техперсонал ретінде С-3 категориясымен еңбекақы есептелуге жататындығы көрсетілген. Сонда білдей аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары қаншама жыл бойы біліктілігі орташа деңгейдегі маманның категориясымен еңбекақы алып келген бе?", - дейді олар.

Сонымен қатар колледж қызметкерлері Жомарт Шәуеновтың колледжге директор болып келе салысымен мекеменің асханасына, конторына өз бетінше жөндеу жұмыстарын жүргізгенін айтады. Олар құрылыс, жөндеу жұмыстарына мекеменің педқызметкерлері мен техқызметкерлерін тартылғанын жеткізді.

"Осы жүргізілген құрылыс жөндеу жұмыстарына мекеменің педқызметкерлері мен техқызметкерлерін тартылды. Мекеменің қоршауларын бұзып, қайта жүргізу жұмыстарын да өзіміздің қызметкерлер атқарды. Осы атқарған жұмыстары үшін ешбір қызметкер еңбекақысын алған жоқ. Ал осы жұмыстарға жұмсалынған құрылыс материалдары қайдан, қалай алынғаны белгісіз. Бұл қайдан шыққан батпан!", - деп жазылған шағымда.

Сондай-ақ шағымданушы қызметкерлер 2020 жылы қолледж ғимараттарына жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржының қалай жұмсалғанын тексеруді талап етіп отыр.

"Колледж мекеме балансында тұрғанымен ешқандай қозғалыста жоқ, яғни жүрмей тұрған автокөліктерге жанармай мен қосалқы бөлшектерге шығынданып келеді. Бұрын мекеме қызметкерлеріне түрлі кеңсе тауарлары алынып, таратылып отыратын. Жомарт Шәуенов қызметке келгелі алған емеспіз. Көрген де жоқпыз", - дейді шағымданушы бір топ колледж қызметкерлері.

Аталған колледж директоры мекемеде шыққан дауға қатысты пікір білдірді. Жомарт Шәуенов шағымдағы әрекеттердің ойдан шығарылғанын алға тартады.

"2019 жылы сәуір айында колледж директоры қызметіне тағайындалдым. Мен келген жылы колледж жан басына шаққандағы қаржыландыруға өтпеген болатын. Қызметке кіріскенде колледж штатында 252 адам жүр екен. Бұрынғы басшы көп адамды ретсіз жұмысқа алған. Штаттық бірлікпен есептейтін болсақ, 72 адам артық болып шықты.

Министрліктің 2017 жылы шығарған №597 бұйрығына сәйкес, біз штаттық кестеге сай емес адамдардың жүктемесін бала санына байланысты азайттық. Бізде мемлекеттік тапсырыспен оқитын 391 бала бар. Былтыр 175 бала бітіріп кетсе, оның орнына 150 бала келді. Тағы да бір топ қысқарып кетті. Бала санының аздығынан штаттық бірлік қысқара береді. Жұмыстан ешкімді шығарған жоқпыз.

2020 жылдың басында мәселе облыстық білім басқармасының басшысы Мелдебековаға жетіп, комиссия құрылды. Оған Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінен, Кәсіподақ комитетінен, кадр басшылығынан адамдар кірді. Аудан әкімі, білім бөлімінің басшысы қатысты. Сол кезде жан басына шағып қаржыландыру 2017 жылы шыққаны туралы айтылды. Қызылорда облысында 2020 жылы барлық колледждер осы жүйеге өтті. Бірақ бізде артық штат көп. Соған байланысты қысқартылатын болды", - деп түсіндірді колледж басшысы ұжымындағы даудың себебін.

Шәуеновтың айтуынша, арнайы пәні жоқ қызметкерлер қысқарып кетпес үшін осындай қадамға барған.

"Мұнда арнайы пән мұғалімдерінің бәрі өз орнында. Белгіленген сағат бойынша жұмыс істеп жатыр. Нақты айтқанда өндірістік оқу шебері, зертханашылардың штаты қысқарып отыр. Мысалы колледжде алты зертханашы болуы керек болса, мен келгенде олардың саны 18 болды. 19 оқу шебері қажет болса, оның орнына 32 адам қызмет етіп жүрді. Ол резеңке емес қой созыла беретін. Сондықтан 0,5 штаттық бірлікпен өздерінің келісімі бойынша жұмыс істеп жүр.

Өткенде Еңбекті қорғау комитетінен келді. Шағым түсірушілердің келісімшартқа қол қойғанын білді. Мен арасында босап қалған жүктеменің 0,5 бірліктерін өздеріне қосып келе жатырмын. Зейнетке шығып жатқан, жұмыстан шығып кеткен, қайтыс болған кісілердің жүктемесін бөліп беріп жүрмін. Бір жылдың көлемінде мен 20 шақты адамға 0,25 бірліктен қосып беріп, 0,75 -ке жеткіздім. Олардың маған айтатын уәжі - толық штаттық бірлік. Бала санына байланысты бізде артық штат көрсетілмегеннен кейін мен оларға жүктеме қосып бере алмаймын. 2020 жылы бала саны көбейіп, штат дұрыстала ма деп едік, керісінше, бір топ қысқарып кетті", - дейді колледж директоры.

Жомар Шәуенов ұжым қызметкерлеріне психологиялық қысым жасай алмайтынын жеткізді.

"Қоқан-лоққы жасау өздерінің шығарып жүрген әңгімесі. Менің қасиетімде біреуге қысым жасау жоқ нәрсе. Білім бөлімінде 14 жыл орынбасар болғам. Олар енді штаттық кестені толық бермегендіктен шу шығарды. Бейнебақылауға келсек, ғимараттың айналасының барлығы бейнебақылау. Ол жалпы қауіпсіздік үшін қойылған. Телефондағы әңгімені тыңдау да ойдан шығарылған шығар. Мен органда істемеймін ғой.

Бұны 10-15 адамның ішінде бір-ақ адам ұйымдастырып отыр. Маған деген бас араздығы бар кісі. Оның мамандығы эколог. Ондай мамандықпен бізде жұмысқа алмайды. Колледж ұжымының негізгі ахуалы жақсы. Мұндай нәрселерді келіп көрсеңіздер де болады. Бұл мәселені білім басқармасы біліп отыр. Ол жақтан да келді, көрді. Еңбек қорғау инспекторы келіп түсіндірді, Кәсіподақ комитетінен келді.

Оның бәрін сатып алған деп отырғандар табылады. Сатып алатын зат емес бұл. Шындап келгенде бұл дау бір кісінің бас араздығымен жасалып жатқан дүние. Қалған ахуалдың бәрі жақсы", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898258-telefonyndy-tyndaimyn-zanaqorgandagy-kolledz-qyzmetkerleri-direktordan-qoqan-loqqy-korgenin-aitty/

pixel