21 жыл қашып жүрген: Қазақстаннан шыққан қауіпті қылмыскер Грузияда қолға түсті
Жарияланған күні:
Солтүстік Қазақстан облысы Бішкөл ауылында 1974 жылы туған Николай Павлюк 20 жылдан астам уақыт бойы қашқын болып жүрген. Оны іздеу жұмыстарына Интерпол мен Ресейдің ішкі істер министрлігі де жұмылдырылған. Павлюк ұзақ жылдар бойы Грузияда, Эстонияда, Германияда, тіпті еліміздің солтүстігінде басқа текпен өмір сүрген. Бұл туралы ол ұсталған сәтте белгілі болды.
Петропавловск.news жазуынша, Николай Павлюк Бішкөл ауылында өмірге келіп, кейінірек Ресейге кеткен.
Жас жігіт 90 жылдары Краснодар өлкесінің қылмыстық әлеміне оңай еніп, 20 жасында қарақшы ретінде танымал болады.
1994 жылы Павлюк Ростовта қала тұрғының бірін қатты ұрып-соғып, тонап кеткендердің қатарында болған. Сол кезде ол сыбайластарымен бірге жер теліміне, КамАЗ көлігіне, техникалар мен зергерлік бұйымдарға, сондай-ақ 100 млн рубльге қол жеткізеді.
Кейінірек, қылмыскерлер дәл осы схеманы басқа бір қалалыққа қолданып, дүние мүлкін өз аттарына рәсімдеуге мәжбүрлеген.
1995 жылы бішкөлдік қылмыскер сегіз жылға сотталады.
Сайттың жазуынша, Николай Павлюк сотталғанына төрт жыл өткеннен кейін өзінің екі серіктесімен бірге Хадыженск қаласындағы колониядан қашқан. Сол кезде үш сотталушыны күзетшілер сөмкеге салып, түзеу мекемесінен алып шығады.
Бұл қашу операциясы туралы "Красные известия" жазған.
"Бандитизм үшін 20 және 15 жылға сотталған Адыгей тұрғындары Аслан Хамтоху мен Алий Бешкок сотталушы Николай Павлюкпен бірге қашып кетті. Олар күзетшілермен келісіп, ізін суытқан. Кейбір деректерге сүйенсек, қылмыскерлер өздерімен бірге 300 мың долларды ала кеткен", - делінген басылымның хабарында.
Қашқан қылмыскерлер жасырынбаған. Олар Адыгей милициясының екі қызметкеріне оқ атады. Екі күн өткеннен кейін Краснодарда да екі милиционер оқ жарақатын алған.
Алты айдай уақыт бойы қашқындардан ешбір хабар болмапты. Алайда сақшылар олардың ізін анықтаған. Қашқындар ұстау кезінде қарсылық танытпапты. Олар жасырынған пәтерден бүтін бір қару арсеналы табылған.
Сол кезде Хамтоху мен Бешкок ұсталып, Николай Павлюктің қайда екенінен мәлімет болмапты.
Анықталғандай, оның сыбайластары ұзақ мерзімді жазасын өтеп жатқанда, Павлюк еркіндікте, жақсы жағдайда өмір сүрген.
Сайттың мәліметінше, Николай қашқаннан кейін Ресейден шығып үлгерген. Осыдан соң Эстонияда жалған құжатпен өмір сүрген. Ал 2004 жылы Павлюк Германиядағы анасына барған. Осы сәтте қылмыскерді Интерпол жер-көктен іздеп жүріпті.
Интерпол Николай Павлюкті іздеген, ал ол құжат бойынша 2010 жылдан бастап Михаил Иванович Уткевич атанып, Қазақстан азаматтығын алып, Петропавлда тұрған.
Бұл кезде Павлюк-Уткевич үйленіп-ажырасып үлгерген. Оның бір ұлы бар. Ажырасқан әйелі балаға алимент алу үшін сотқа арыз түсірген. Бұл кезде қашқын Грузияға көшіп, сол жерде бес жылға жуық уақыт өмір сүрген.
Ал құзырлы органдар Смоленский облысында тұратын шынайы Михаил Иванович Уткевичтен алиментті талап ете бастаған. Ол бұған дейін сотты болып, төлқұжатын бірнеше рет жоғалтқан екен. Мұны пайдаланған Павлюк Уткевичің атын жамылған.
21 жыл қашқында жүрген Николай Павлюк ақыры Грузияда Федералды қауіпсіздік қызметі қызметкерлерінің қолына түскен. Қазіргі уақытта оны Ресей Федерациясына экстрадациялау мәселесі қарастырылуда.
Мақала авторының жазуынша, Павлюк заң бойынша 1995 жылы тағайындалған алғашқы жазасын өтейді. Содан кейін қашу, жалған құжаттар жасау және басқа да қылмыстары үшін ондаған жыл арқалауы мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898429-21-zyl-qasqynda-zurgen-gruziyada-qazaqstannan-syqqan-qauipti-qylmysker-qolga-tusti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.