RU

Қазақстанда жұмыртқа мен құс еті неге қымбаттап кетті: Сенатор себебін айтты

Құс еті
Фото: © Sputnik / Алексей Даничев

Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов палатаның жалпы отырысында құс еті неліктен қымбаттап кеткенін түсіндірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдаған Сұлтан Дүйсембинов соңғы уақытта елімізде жем-шөптің дені 1,5-2 есеге қымбаттағанын хабарлады.

Сонымен қатар ол Қазақстан шетелден үнемі бағасы өсіп отыратын дәрумендік қоспаларды, асыл тұқымды құстарды сатып алуға мәжбүр екенін айтты.

Нәтижесінде, соңғы уақытта елімізде тауық жұмыртқасы мен құс етінің бағасы өсуде.

"Бұған бірнеше себеп бар. Оның ішінде - елімізде асыл тұқымды құстарды өсіру бойынша проблемалар бар. Сондықтан оларды импорттауға тура келеді. Сондай-ақ құс өсірушілер кәсіпорындары үшін қажетті жабдықтарды, дәрумендерді, арнайы жемді шетелден әкелуге мәжбүр. Біздің елде құс өсіру үшін жем-шөптен басқа ештеңе жоқ деп айтаса болады", - дейді ол.

Сенатордың сөзінше, бағаның өсуіне алып келетін проблемаларды шешу үшін құс өсірушілерге мемлекет тарапынан қолдау қажет.

Оның ішінде 5 жылға несие каникулын ұйымдастыруға жәрдемдесу, сақтандыру жарнасын және асыл тұқымды құс басын сатып алуды субсидиялау, жем-шөп қорын құру, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді жою және жоқысыз бәсекелестіктен қорғау.

Айта кетейік, қазір сауда орындарында жұмыртқаның 10 данасы 600 теңге шамасында сатылып жатыр. Ең қымбат баға елордада. Нұр-Сұлтанда 10 жұмыртқаны 620 теңгеге алуға болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898484-qazaqstanda-zumyrtqa-men-qus-eti-nege-qymbattap-ketti/