RU

Ұтыс ұйымдастырған: ШҚО-да өзін әншілердің менеджері ретінде таныстырған ер адам сотталды

Судья
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Шығыс Қазақстан облысында өзін отандық әншілердің менеджері ретінде таныстырып, көпшілікті ұтыс ойынына қатысуға шақырған ер азамат сотталды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам 2020 жылдың жазында Алматы қаласында жүргенде оңай ақша табуға бел буған.

Instagram желісіне тіркелген ол өзін эстрада әншілерінің менеджері ретінде таныстырады. Содан кейін желі пайдаланушыларын автокөлік пен 500 мың теңге ақша тігілген ұтыс ойынына қатысуға шақырған.

"Парақшасына жазылғандар арасынан жеңімпаздарды, дәлірек айтқанда жәбірленушілерді іріктеп алып, оларға келесі мазмұндағы хабарлама жіберген: "Сәлеметсіз бе! Сіз біздің ұтыс ойынымыздың жеңімпазы атандыңыз! Сәттілік серік боп, бағыңыз жанды! Енді осы әншінің авторлық альбомын сатып алуыңыз керек, содан кейін өз ұтысыңызды ала аласыз".

Бұдан соң "жеңімпаз" белгілі бір соманы алаяқтың "Kaspi Gold" картасына аударып, өзінің ұтысын күткен. Алайда ақшаға қол жеткізген жалған менеджер сол адамды бұғаттап, өз аккаунтын өшіріп тастаған", - делінген хабарламада.

Көп ұзамай күдікті ұсталып, оның ісі сотқа жеткен. Сот үкімімен айыпталушы үш жылға бас бостандығынан шектелді.

"Бұл істегеніме қатты өкінемін. Бірінші рет сотталып отырмын. Енді заңды бұзбаспын. Қылмыс жасаған кезде оның соңы осындай болады деп еш ойламадым. Қазіргі уақытта жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды өтеп жатырмын", - деді ер адам.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898507-utys-uiymdastyrgan-sqo-da-ozin-ansilerdin-menedzeri-retinde-tanystyrgan-er-adam-sottaldy/