Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шаңырақ оқиғасы": ІІМ түрмедегі Арон Атабектің жағдайы туралы айтты

Опубликовано:

Арон Атабек
Фото: rus.azattyq.org

"Шаңырақ ісі" бойынша 18 жыл арқалаған Арон Атабектің денсаулығы жақсы. Бос уақытында шығармашылықпен айналысады, түрменің қоғамдық-мәдени өміріне атсалысады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бұл туралы ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитеті редакцияның ресми сауалына берген жауабында хабарлады.

2006 жылы "Шаңырақ оқиғасынан" кейін сотталған Арон Атабек (Едігеев) қазір Павлодар облысында аралас қауіпсіздік санатындағы мекемеде жазасын өтеп жатыр.

Комитеттің ақпаратына сүйенсек, ақынның денсаулығына шағымы жоқ.

"Денсаулығы жақсы, мекемеге келгеннен бастап қажетті дәрігерлік көмекті алып жатыр, медициналық қызметкерлердің тұрақты бақылауында. Бос уақытында кітап оқиды, жазады және теледидар көреді. Мекеменің қоғамдық-мәдени өміріне қатысады", - делінген ресми жауапта.

Заңнамаға сәйкес, сотталғандардың ай сайын азық-түлік, басқа да қажетті заттарды сатып алуына 2 АЕК (5 834 теңге – Sputnik) мөлшерінде ақша жұмсауға, туысқандарымен бір жылда екі ұзақ, екі қысқа мерзімді кездесуге, сондай-ақ, жазбаша өтініші бойынша түрме бастығының рұқсатымен туысқандарымен таксофон және видеобайланыс арқылы 15 минутқа дейін сөйлесуге құқығы бар.

Бірақ, қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Арон Атабек отбасымен көрісіп, сөйлесе ме деген сұраққа жауап бермеген.

Айтпақшы, Атабектің Павлодар абақтысында жалғыз адамдық камерада отыратыны БАҚ-та талай рет айтылып, жазылды. Алайда комитет бұл мәселеге байланысты сауалды жауапсыз қалдырды.

Арон Атабектің сот үкімі бойынша жаза мерзімі 2024 жылы аяқталады.

Бұдан бөлек, "Шаңырақ ісі" бойынша сотталған Құрманғазы Өтегенов те әлі жазасын өтеп жатыр. Ол қазір Қостанай облысында қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде отыр.

ҚАЖК мәліметінше, Өтегеновтің де денсаулығы жақсы. Жаза мерзімі 2022 жылы аяқталады.

Қылмыстық кодекске сәйкес, сотталушы ауыр қылмыс үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде жартысын, ал аса ауыр қылмыс үшін берілген жаза мерзімінің кемінде үштен екісін өтегеннен кейін, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін.

Бұған дейін БАҚ хабарлағандай, Арон Атабек осы жылдар ішінде мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға өтініш бермеген. Ал Құрманғазы Өтегеновтің өтініші сотқа жолданбай отырғаны туралы жазылды.

Еске салайық, 2006 жылы жазда Алматыда болған "Шаңырақ оқиғасына" биыл он бес жыл толып отыр.

Сол жылы "Шаңырақ" ықшам ауданында полиция мен тұрғындар арасында қақтығыс болды. Жергілікті тұрғындар "жерді заңсыз басып алдыңдар" деп үйлерін сүруге келген полицияға қарсылық көрсетті. Қақтығыс кезінде 24 жастағы полицей Әсет Бейсеновтің үстіне бензин құйып, тірідей өртеп жіберді.

Қанды оқиғадан кейін 25 адамға "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айып тағылды. Олардың төртеуі ұзақ жылдарға сотталып кетті.

Арон Атабек – 18 жылға, Құрманғазы Өтегенов – 16 жылға, Ерғанат Тараншиев – 15 жылға, Рүстем Тұяқов – 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Соңғы екеуі 2018 жылы мерзімінен бұрын босап шықты.

Ал Атабек пен Өтегенов – әлі темір торда.  2013 жылы түрме әкімшілігінің "заңды талабына бағынбады" деген айыппен Өтегеновтің жазасына тағы екі жарым жыл қосылды.

Арон Атабек – ақын әрі диссидент. 2014 жылдың сәуірінен Павлодарда жазасын өтеуде. Атабек бұл жерге Қарағанды облысы Қаражал қаласындағы колониядан этаппен жіберілген. Оны екі рет Қостанай облысы Арқалық қаласындағы "жабық" түрмеге салып жазалаған.

БАҚ мәліметінше, Арон Атабек әйелі мен қызына түрмеге келуге тыйым салған. Олардың тінту кезінде қорлық көргенін қаламайтынын, жақындарын пайдалану арқылы түрмеде өзіне қысым жасауға жол бергісі келмейтінін айтқан.

Құқық қорғаушылар Атабекті "саяси тұтқын" деп таныды, ал сот процесі мен үкімді саяси тапсырыс деп атады. Арон Атабек өзі кінәсін мойындаған жоқ және рақымшылық жасау туралы өтініштен бас тартты. Биыл 31 қаңтарда Арон Атабек 68 жасқа толды. Ақтөбеде азаматтық белсенділер ақынның туған күнінде наразылық акциясын өткізіп, биліктен оны босатуды талап етті. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898694-sanyraq-oqigasy-iim-turmedegi-aron-atabektin-zagdaiy-turaly-aitty/

pixel