Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасын әзірлеуге қатысқан қазақ баласы сұхбат берді

Опубликовано:

Ілияс Есмағамбетов
Ілияс Есмағамбетов. Фото: Sputnik / Владимир Астапкович

Бірнеше ел өз азаматтарына салып жатқан коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасын вирусологтор тобы әзірлеген. Құрастырушылар қатарында Ілияс Есмағамбетов те бар. Оның сөзінше, вакцина ағзаны вирустан қорғауға 90 пайыз кепілдік береді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ілияс Есмағамбетовтың сөзінше, оның әкесі Шымкенттен көшіп келген қазақ. Әкесі Болат аэроғарыш технологияларымен байланысты білім алып, КСРО тарағанға дейін Ресейде жұмыс істеген. 90-шы жылдардың басында Қазақстанға оралған.

Ғалым Мәскеуде туғанымен Қазақстанда жиі болады екен. Оның жақын туыстары Шымкент, Алматы, Байқоңыр және елордада тұрады.

Одан бөлек, Есмағамбетов жоғары сұранысқа ие мамандықты не себепті таңдағанын айтып берді.

"Мен – биотехнолог және молекулярлық биологпын, биология ғылымдарының кандидатыным. Мұның барлығы оқу кезінде өздігінен қалыптасты. Мен Мәскеу мемлекеттік қолданбалы биотехнология университетінде білім алдым. Бізде "Молекулярлық биотехнология" пәні басталған кезде, маған ол қатты ұнады.

Одан кейін тәжірибе басталды. Сол арқылы мен Гамалея атындағы ұлттық зерттеу орталығына келдім. Біздің университеттегі биология, вирусология және гендік инженерия кафедрасында Гамалея орталығы директорының орынбасары Борис Савельевич Народицкий сабақ берді. Ол мені орталықта тәжірибеден өту үшін бағыттады. Ал мен мұнда ұзаққа тұрақтап қалдым. Гамалея орталығында еңбек етіп жатқаныман 10 жылға жуықтады", - дейді маман.

Есмағамбетовтың айтуынша, Гамалея орталығында аденовирустық векторларды өндіру және сынау технологиялары қарастырылған үш зертхана бар.

"Мен осындай зертханалардың бірінің мүшесімін. Үлкен ұжымның маңдай тер еңбегінің нәтижесі ретінде вакцинаны мақтан тұтамын. Ал, ондағы менің үлесім соншалық үлкен деп санамаймын", - дейді Ілияс Есмағамбетов.

Оның сөзінше, "Спутник V" туралы желіде тараған ақпараттар үшін көңіл-күйі түспепті. Ғалым адамдар вирусология жайлы аз білетінін айтты. Ал екпе салдыру-салдырмау әркімнің жеке ісі.

"Ал, егер, сіз вакциналаудан кейін жағдай ушығып кетеде деп қорықсаңыз, керісінше, вакцина вирустан қорғануға 90%-тен жоғары кепілдік береді. Бұл ресми мәлімет. Вакциналауға қарағанда, ауру жұқтыру әлдеқайда қауіпті. Әсіресе, егер сіз мінсіз денсаулығыңызбен мақтана алмасаңыз", - дейді ғалым.

Ілияс Есмағамбетов зерттеу жүріп жатқан уақытта алғашқылардың бірі болып екпе салдырған екен. Вакцина Ресейде қолжетімді болғандықтан оның сондағы туыстары екпе салдырған. Ал Қазақстандағы туыстарына вакцинациялау жасалмапты.

"Бірінші компоненттен кейін аздан дене қызуым көтерілді. Мен осы мәселеге тоқталғым келеді: векторлық вакциналар не себепті ең тиімді вакцина ретінде қарастырылатынын түсіну керек. Олар инфекциялық процесті имитациялайды. Сондықтан, жоғары температура түрінде ағзаның қысқа уақытқа созылатын имундық әсері болуы мүмкін. Бірақ, бұл адам ауру жұқтырды деген сөз емес. Бұл жай ғана иммундық жүйенің жауабы", - дейді Ілияс Есмағамбетов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898959-koronavirusqa-qarsy-sputnik-v-vakcinasyn-azirleuge-qatysqan-qazaq-balasy-suxbat-berdi/

pixel