RU

Пойызда толғағы қысқан әйелді жолаушылар мен жолсеріктер жабылып жүріп босандырған

Пойыз
Фото: Stopfake.kz

Өзбекстаннан шығып, пойызбен Қазақстанға келе жатқан жолаушы үшінші баласын сапарда босанды деп хабарлайды 31 арна.

Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, "Сарыағаш-Нұр-Сұлтан" бағытындағы пойызда кенеттен толғағы басталып кеткен Анастасия Гранкинаны жолаушылар мен жолсеріктер жабылып жүріп босандырып алған.

Анастасия жүктілігінің тоғызыншы айында болыпты.

Пойыз ішінде жарты күн бойы толғағы қысқан әйел жолсеріктерден көмек сұрайды. Вагон іші абыр-сабыр болған жұртшылық өз білгендерінше жәрдемдеседі. Түстен кейін Қарағанды облысы Шет ауданы Ақадыр стансасына жақындаған кезде ол дүниеге қыз бала алып келген.

Анастасия Гранкинаның сәбиінің есімін Әмина деп қойғаны белгілі болды.

Ақадыр стансасына тоқтаған пойыздағы ана мен сәбиді жергілікті дәрігерлер қарап шыққан.

Анастасия ауруханаға жатудан бас тартып, үш баласымен бірге соңғы стансаға дейін жүріп барыпты.

"Мені босандыруға көмектескен жолсеріктерге рақмет. Қиын сәтте қолдау білдірген жолаушыларға да алғысым шексіз. Баламның дені сау, бәрі жақсы. Қазір жолдан түсейін деп отырмын", - деді баланың анасы Анастасия Гранкина.

Естеріңізге сала кетсек, бұған ұқсас жағдай Ақтөбе-Алматы пойызында орын алған. Онда жас келіншек ойда-жоқта босанып қалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899364-poiyzda-tolgagy-qysqan-aieldi-zolausylar-men-zolserikter-zabylyp-zurip-bosandyrgan/