RU

Сағынтаев коронавирус пандемиясын тежеуге не көмектескенін айтты

Бақытжан Сағынтаев
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев халыққа есеп беру кездесуінде коронавирус инфекциясының жылдам таралуын тоқтатуға не көмектескенін айтып берді деп жазады KAZ.NUR.KZ қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бақытжан Сағынтаевтың "Алматы диалогы 2.0" есептік кездесуі онлайн форматта өтуде. Құжаттамалық фильмде қаланың 2020 жылы қалай өмір сүргені және күрескені, қандай межелерді бағындырғаны, Алматының ағымдағы жылы кандай мәселелер бойынша жұмыс істейтіні баяндалады.

«Расында да әрқайсымыз үшін өткен жыл шиеленістерді бағындырған жыл болды. Әлемдік пандемия біздің қоғамымыздык өмірін түбегейлі өзгертті. Менталитетімізге, өмір сүруімізге ықпал етті. Пандемия әлеуметтік және экономикалық салаларға кері әсерін тигізді. Бірақ біздің «Алматы біргеміз» деген сөзде көрініс тапқан алматылық ынтымағымыз бізге пандемияны ауыздықтауға көмектесті» , - деп атап өтті қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Қала тұрғындарының арасында инфекцияның кең таралуына жол бермеу мақсатында Алматы әкімдігі әлеуетсіз шығындардан бас тартып, бюджетті оңтайландырды. COVID-19-ға қарсы күреске 19 108,4 млрд теңге бөлді. Осының арқасында қысқа мерзім ішінде 2 модульді клиника салынды, РВ-90 инфекциялық стационардың, патологоанатомиялық бюроның құрылысы аяқталды. Клиникалардың материалдық техникалық базалары 41,8 млрд теңгеге нығайтылды. Медициналық препараттар мен дәрі-дәрмектердің тапшылығын болдырмай Тұрақтылық қорын құру үшін қалалық бюджеттен 10 млрд теңге бөлінді. Оның 5 млрд дәріханаларды қамтамамыз етуге, 5 млрд ауруханалар мен емханаларға бөлінді.

Жедел жәрдемнің және алғашқы медико-санитарлық көмектің жұмыстары күшейтілді. Күн сайын 103 пультіне қалалықтардан төрт мыңға дейін қоңыраулар түсіп отырды. Қадамдық медициналық қызметпен қамтамасыз етудің үш жылдық қалалық жоспарының аясында 16 амбулатория іске қосылды. Жедел жәрдем қызметі жаңа реанимобильдермен қамтамасыз етілді. Заманауи құрылғылармен жабдықталған 135 жедел жәрдем көлігі сатып алынды.

Кадрлар резерві жасақталды. Медицина қызметкерлерінің жалақысы 30 %-ға көтерілді. 50 мыңнан астам медициналық қызметкерлерге 16,7 млрд көлемінде жалақыларына қоса үстеме ақы төленді. Қалалықтарға қашықтан кеңес беру үшін Телемедицина орталығы құрылды.

Дағдарысқа қарсы тиімді шаралардың арқасында инфекцияның кең тарауына, өлім-жітімге тосқауыл қойылып, вакциналаудың басталуына дейін уақытты жеңуге мүмкіндік туды. Алматыда 2021жылдың ақпанында халықты жаппай вакциналаудың ауқымды науқаны басталды.

«Қала пандемияны лайықты жеңіп келеді. Бүгінгі күні Алматы жасыл аймақта. Бұл біз құрған жүйелер мен қабылдаған шешімлердің тиімділігін көрсетеді» , - деді Б. Сағынтаев. Ол COVID-19-ға қарсы басталған вакциналаудың қала өмірін қалпына келтіруге және пандемиядан кейін экономиканы қайта жаңғыртуға оң ықпал ететінін атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899389-sagyntaev-kvi-pandemiyasyn-tezeuge-ne-komekteskenin-aitty/