Сағынтаев: Алтын Орда базарының жолы барлығымызды шаршатты
Жарияланған күні:
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың халыққа есеп беруі кезінде тұрғын шенеуніктен қаланың шыға берісіндегі яғни Алтын Орда базары маңында салынып жатқан жол айырықтың құрылысы қашан аяқталатынын сұрады деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жол айырықтағы проблеманы көтерген тұрғынның айтуынша, өмірінің көп бөлігі жол бойындағы кептелісте тұрумен өтіп жатыр.
"Мен облыста тұрамын, қалада жұмыс істеймін. Күніне екі сағат қалаға қарай жүремін, кері қайтарда тағы екі сағатта қатынаймын. Күніне өмірімнің төрт сағаты жол үстінде өтіп жатыр. Ол жерде менің денсаулығым да, жүйкем де қалып жатыр. Осы мәселені шешсеңіздер", - деді ол.
Бақытжан Сағынтаев бұл жол айырығы Алматы қаласына қарамайтынын айта келе, осы мәселенің тезірек шешілуіне өзі де ниетті екенін жеткізді.
"Алтын Орда базарының айналма жолы барлығымызды шаршатты. Қалаға келгелі Алтын Орданың жолы қашан шешіледі деген мәселені естіп келе жатырмын. Іnstagram әлеуметтік желісіне атқарылған жұмыстарды көрсетсең астындағы пікірлерден міндетті түрде Алтын Орда жолы қашан бітеді деп шығады.
Өкінішке қарай, Алтын Орда базары қалаға жатпайды. Ол Алматы облысының жері. Мен де сол жолдың шешілуін күтіп жүрмін. Оның жұмысы министрліктің құзыретінде.
Министрлік мердігер компанияны таңдаған, ақшасы жеткілікті. Бірақ мердігердің күші жетпей ме, басқасы ма, берген ақшаны игермей әлі келе жатыр. Өткенде премьер-министр мырза келгенде осы мәселені тағы көтердік. Алматылықтар үшін қалаға кіріп-шығу қиынға соғып отыр. Егер бұл жол бітсе, бір мәселені шештік деп есептейміз. Министрліктегілер жылдың соңында бітіреміз деп отыр.
Сонша жыл күттік, "қырқына шыдағанда қырық біріне де шыдап", сабырлық танытайық. Мен де осы жолдың тезірек бітуіне ынталымын", - дейді Бақытжан Сағынтаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899458-sagyntaev-altyn-orda-bazarynyn-zoly-barlygymyzdy-sarsatty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.