Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Полицейлер қысым көрсетіп жатыр": Шиеліде қаскөйлерден жәбір көрген қария Тұрғымбаевтан көмек сұрап отыр

Жарияланған күні:

Қызылордалық кәсіпкер
Фото: NUR.KZ

Қызылорда облысы Шиелі ауданы Ыбырай Жақаев ауылындағы кәсіпкер қарияның отбасындағы жағдай оң шешімін табар емес деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Еске сала кетейік, 21 қаңтарға қараған түні қаскөйлер Сейтқали Ділімбетовтің жеке дүкенін, мал қорасы мен бастырмасын өртеп, түн ішінде жеңіл көлігіне оқ жаудырған болатын.

Бытырадан атылған оқ қарияның жаңа босанған келініне де тие жаздаған. Алайда бұл оқиғаға қатысты күдіктілер әлі бостандықта жүр.

Аудандық полиция бөлімі істі толық тергеудің орнына, Ділімбетовтің отбасына қоқан-лоққы көрсетіп, арызды қайтып алуын талап етуде екен. Осы орайда, ашынған қария Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтан бассыздықтың алдын алуды сұрап отыр.

"2021 жылдың 21 қаңтарына қараған түні қаскөйлер мен бұзақылар менің жан бағып отырған жеке дүкеніме от қойды. Одан бөлек, мал қорамды, төрт-түліктің жем-шөбін, есік алдындағы бастырмамды өртеп жіберді. Жеке көлігіме оқ атып, сау-тамтұғын қалдырмады. Көлікті қойшы, қаңғыған оқ жаңа босанып келген келінім мен жетпіске жақындаған жұбайыма тиіп кете жаздады.

Осы оқиғаға қатысты Қызылорда облыстық полиция департаментіне, Шиелі аудандық полиция бөлімшесіне арыз жаздым. Бірақ алақандай ауылда оқ атып, өрт қойғандар, адам өміріне қауіп төндіргендерді жазалауға полицейлер мүлде асығар емес. Түн ішінде кім көрінген келіп оқ атып, өрт қоя беретін болса, біздің қауіпсіздігімізге кім жауапты?

Полицейлер бұл істі тергеп, соңына жеткізудің орнына, өзімнің отбасыма жала жауып, осы істің ақ-қарасын анықтамақ болған ұлымнан қайта-қайта жауап алып жатыр", - дейді Сейтқали қария.

Қызылордалық кәсіпкер үйі өртенді
Фото: NUR.KZ

Нақтылап айтар болсақ, Сейтқали ақсақалдың ұлы Шоқан Ділімбетов 21 қаңтардағы оқыс оқиғадан соң күдіктілерді тануы мүмкін жігіттен өрт туралы айтып беруді, сол түні кімдер от қойып, оқ атқанын анықтауға көмектесуді сұрайды.

Алайда кейін әлгі жігіт Шоқан Ділімбетовтің үстінен полицияға арыз түсіріп, өзін ұрып-соқты деп жазықсыз жала жапқан.

"Мойнымнан қылғындырды, қаппен тұншықтырды деп ұлыма жала жауап отыр. Экспертиза қорытындысында мұндай жоқ, ұлым мұндай қадамға бармайды мүлде. Әке-шешесі отырған үйді өртеп жібермек болғанда қай бала тыныш отырады? Жанұшырып қылмыскерлерді анықтауға тырысқаны рас. Бірақ ешкімді бұлай күштеген емес. Бір қызығы, ұлымды күн сайын полиция бөлімшесіне шақыртып, жауап алады. Ал түн ортасында үйімізге өрт қойып, оқ жаудырған қаскөйлерді іздеуге ешкімнің құлқы жоқ. Бұл әділетті ме?

Оның үстіне, Шиелі аудандық полиция бөлімінің қызметкері Бақытжан Мәмбетәлиев бізден арызды қайтып алыңдар деп, доқ көрсетуде. Мектептегі мұғалім қызыма барып қысым көрсетіпті. Арызды қайтып алмаса, ұлым Шоқанды қамап тастаймыз деген. Айналайындар, бұл не сұмдық? Полицейлер осылай басынатын болса, біз кімге сенеміз? Біз бар болғаны күдіктілерді тауып, оларды жазалауды талап етеміз. Басқа тілегіміз жоқ.

Бүгінде келінім де, кемпірім де, немерелерім де қорқып қалған. Сол оқиғадан бері тынышымыз кетті. Облысқа да арыз тастадым, еш қайран жоқ. Егер бізді еститін болса, министр Ерлан Тұрғымбаевтан көмек сұраймын. Басқа амалым жоқ. Ерлан мырза, қоластыңыздағы қызметкерлер бізге қысым көрсетіп жатыр", - дейді Сейтқали Ділімбетов.

Мәселеге қатысты KAZ.NUR.KZ порталы Қызылорда облыстық полиция департаментіне ресми сауал жолдады, баспасөз қызметі тиісті жауапты ертеңнен қалдырмай беруге уәде берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899519-policeiler-qysym-korsetip-zatyr-sielide-qaskoilerden-zabir-korgen-qariya-zanusyra-komek-surady/