RU

Нұр-Сұлтанда Тәуелсіздіктің 30 жылдығын өткізудегі азаматтық сектордың рөлі талқыланды

ҮЕҰ өкілдерімен кездесу
Фото: Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты

Бүгін елордада «Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеудегі азаматтық сектордың рөлі» тақырыбында ҮЕҰ өкілдерімен кездесу өтті. Оған ҚР ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, қоғам белсенділері және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

Кездесудің негізгі мақсаты – қоғамдық ұйымдар көшбасшыларының қатысуымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу бойынша ұсыныстарды талқылау.

Бақтияр Мәкен өз сөзінде ҮЕҰ мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті.

"Үкіметтік емес ұйымдар қоғамдық-саяси үдерістердің дамуына айтарлықтай оң әсер етеді. Азаматтық бастамаларды басқара отырып, ерікті түрде ҮЕҰ әлеуметтік-қоғамдық маңызы бар түрлі проблемалардың шешілуіне елеулі үлес қосады. Біз ылғи халықтың түрлі әлеуметтік мәселелерін шешудегі ҮЕҰ рөлі туралы айтамыз. Қазіргі уақытта қаланың қоғамдық ұйымдарының басым бөлігінде ұқсас қызмет бағыттары бар екенін байқауға болады" , – деп атап өтті Б.Мәкен.

Оның айтуынша, өткен жылғы Азаматтық форумда елорданың барлық қоғамдық ұйымдарын біріктіруге қабілетті арнайы консорциум құру туралы идея қозғалды. Бұл ретте олар маңызды жобаларды бірлесе пысықтап, алдағы уақытта ауқымды іс-шараларды іске асыра алады.

Бақтияр Мәкен қала басшылығына басқарудың жаңа формаларына, атап айтқанда, МИБ-қа көшу мәселесінде де ҮЕҰ-ның көмегі қажет екенін атап өтті. Әкім орынбасары мәселені жан-жақты пысықтау үшін сауатты құжаттық және заңгерлік сүйемелдеу қажет екенін жеткізді.

Бақтияр Мәкен
Фото: Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты
"Сондай-ақ карантин шараларын сақтай отырып, жайлы және өркениетті қоғамның жаңа ұсыныстарын әзірлеу қажет. Пандемия жалғасуда, бірақ біз бұған үйреніп қалдық. Жұрт өзін қалай қорғау керек екенін біледі. Бірақ әлі де жалпы жұмыста белгілі бір идеология қажет, яғни қоғамға дұрыс және көңілге қонымды жөн сілтеуді ойластыру қажет. Елорданың мәдени кодын бірлесіп жасауымыз керек. Қаламызда болып жатқан әлеуметтік-қоғамдық мәселелерде белсенді азаматтық қоғам құру міндеті жүктеліп тұр" , – деп атап өтті Бақтияр Мәкен.

Оның айтуынша, пандемия барлық салаларға өзгеріс енгізді. Бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі – азаматтарға вакцинацияның мәнін сауатты түсіндіру. Қала басшылығы революциялық жолмен жүргісі келмейді. Ал қала тұрғындарымен өтетін кездесулерде вакцинациялардың вирустан қорғаудағы маңыздылығын түсіндіруге ниетті.

"Аудан әкімдері мен қала әкімінің есеп беру кездесулерінде абаттандыру мәселесі көп қозғалды. Қала тұрғындары сұрақ қойып қана қоймай, шешу жолдарын да ұсынатыны, сол сияқты Парламент қабылдаған заңдарды және олардың мүмкіндіктері жайлы білетіні қуантады. Бұл бағытта әрі қарай да жұмысты жалғастыратын боламыз" , – деп мәлімдеді әкім орынбасары.
ҮЕҰ өкілдерімен кездесу
Фото: Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты

Бақтияр Мәкен бүгінде елорда аудандары полиорталық қағидаты бойынша дамып келе жатқанын мәлім етті. Әкімдік қала тұрғындары үшін әлеуметтік нысандар, демалыс орындары, сондай-ақ дамыған инфрақұрылымдар жақын маңда орналасуы үшін тиісті жұмыстар атқарып жатыр. Елорда тұрғындарының ұсыныстарын жинау үшін Birge сайты іске қосылды. Мұнда белсенді азаматтар өз идеялары мен ұсыныстарын білдіре алады. Платформаның жұмыс істеу процесі үш кезеңнен тұрады: идеяны ұсыну, іріктеу, үздік жобаларды іске асыру.

"Өз кезегінде біз сізден сындарлы ұсыныстар, пайдалы бастамалар және ынтымақтастық орнату үшін бірлескен платформалар күтеміз. Бұл үшін жеткілікті мүмкіндіктер бар деп ойлаймыз. Бүгінде үкіметтік емес сектордың әлеуеті осы бағыттағы жұмыстың үлкен перспективалары туралы сөз қозғауға мүмкіндік береді" , – деп қорытындылады сөзін Бақтияр Мәкен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899526-nr-sltanda-tuelsizdikti-30-zyldygyn-tkizudegi-azamattyk-sektordy-rli-talkylandy/