Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Дені медицина мамандары": Өткен жылы 12 мың қазақстандық өзге елге жұмыс іздеп кетіп қалған

Опубликовано:

Көшіп кеткендер1
Көрнекі фото: pixabay.com

Соңғы бір жылда елде эмиграция артқан. Өткен жылдың үш тоқсанында басқа мемлекетке жұмыс іздеп кеткендер саны 12 мыңға жуықтаған. Бір қызығы шетел асқан жұмысшылардың дені 15 жылдық тәжірибесі бар мамандар. Мұндай статистиканы Ranking.kz мониторингтік агенттігі келтіріп отыр деп хабарлайды"Астана" арнасы.

Шетел асатындардың көбісі өз елінде тіршілігін түзей алмағандар екен. Ал білікті мамандар болса, бюрократия мен коррупциядан шаршағандықтан, шетел асып жатқан көрінеді.

Сондай азаматтардың бірі Абай Қалимов. Түркияда кәсібін дөңгелетіп жүрген жас кәсіпкер бүгінде көптеген қазақстандық студенттердің сырт елге оқуға түсуіне көмектесіп жүр.

"Шетелге көшетін адамдар екі түрлі мақсат қояды. Бірі өмірін өзгерткісі келетін болса, екіншісі қаржы жағдайын жақсарту үшін барады. Өзім осы екі жылда кәсіп ашып, бірнеше фильм және рекламаларға түстім. Бұл маған шетелдің берген артықшылығы деп ойлаймын", - дейді ол.

Дамыған елдердің жоғары оқу орнында оқыған қазақстандықтар сонда қалуды құп көреді. Дегенмен елге оралып, табысты жұмыс істеп жатқандар да жоқ емес. Сондай-ақ бізге келіп, бизнесін дөңгелетіп жүрген шетелдіктер де жетеді.

Мәселен, Бақытжан Төрімбет екі жыл бұрын Англиядан білім алып келген. Ол жұмыс істеймін деген азаматқа елде толық жағдай жасалған деген пікірде.

"Қалып қоюға болатын еді. Бірақ, бәріміз қала берсек не боламыз? Сондықтан алған білімді осында қолданып, елге қызмет етуді мақсат етіп келдім", - дейді "Болашақ" халықаралық стипендиясының түлегі Бақытжан Төрімбет.

Мамандар болса, қазақстандықтардың шетелге көшу жағдайының артуын соңғы үш жылда экономикалық ақуалдың күрделенгенімен байланыстырады.

Тиісінше бұл халықтың әл-ауқатына да әсер етеді. Ендеше эмиграцияның артуын әдеттегідей табиғи құбылысқа жаба салу қисынсыз дейді сарапшылар.

"Мұндай құбылыс бұрыннан бар. Әсіресе қазір, дағдарыс кезеңінде елдегі ахуал қиын. Әрі мамандар өз білімін қолдануына мүмкіндік аз. Ақша көлемін айтпаса да белгілі. Ертеңгі күнінен күдікпен қарайтын көптеген азамат осындай қадамға баруға мәжбүр", - дейді экономист Айдар Әлібаев.

Ресми дерекке сенсек, шетел асқан жұмысшылардың басым бөлігін - медицина мамандары құрайды. Заңгерлер мен құрылысшылар да, ауыл шарушалығы өкілдері де көшіп кеткендердің алдыңғы қатарында тұр.

Ғ. Өтемісов

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899554-deni-15-zyldyq-taziribesi-bar-mamandar-setelge-zumysyn-auystyrgan-qazaqstandyqtardyn-sany-artqan/

pixel