Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бүйрек ауыстырудың құны қанша": Белгілі дәрігер күрделі ота қалай жасалатынын айтты

Опубликовано:

Фото
Фото: Болатбек Бимендеұлының жеке мұрағаты

Алматыдағы А. Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында жыл сайын бүйрек ауруларына байланысты 300-ден астам науқасқа урологиялық ота және 50-60 шамасында бүйрек трансплантациясы жасалады. Академик, медицина ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Баймахановтың айтуынша, былтыр белгілі себептерге байланысты науқастар саны азайған. Яғни, бүйрек трансплантациясына дайындалып жүрген науқастар коронавирусқа шалдығып, біршама ота кейінге шегерілген. Елімізде қанша адам бүйрек ауыстыру үшін кезекте тұр? Бүйрек ауруларының алдын алу үшін нақты қандай қадамдарға бару керек? Еліміздегі бүйрек донорлары туралы мәселе қалай шешілуде? KAZ.NUR.KZ тілшісінің сұрақтарына «А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Болатбек Бимендеұлы жауап берді.

- Орталықта бүйректі ауыстыру үшін жасалған операциялардың қанша пайызы сәтті өтеді?

- Жасалып жатқан бүйрек трансплантацияларының 98-99 пайызы сәтті өтеді. Шетелдік деректер бойынша, ауыстырылған бүйректің орташа жұмыс істеу мерзімі 25-30 жылға дейін, біздің науқастарда 5 жылдық бүйрек трансплантатының өмір сүру мерзімі 79 пайыз. Әлемдік озық клиникаларда 5 жылдық бүйрек трансплантатының өмір сүру мерзімі 80 пайызды құрайды, демек біздегі 79 пайызды құрайтын көрсеткіш. Демек, біздің Орталықтың көрсеткіші шетелдегі жетекші клиникалардың стандарттарына сәйкес келеді.

- Бүйрек трансплантациясы әлемдегі ең күрделі оталардың бірі екені анық. Орталықта көп жағдайда кімдердің бүйрегі жиі ауыстырылады: балалардың ба әлде ересектердің бе? Жалпы, бүйрек ауруларына ұшыраған балалар мен ересектердің үлес пайызы қанша?

- Орталықта көбінесе ересектерге бүйрек трансплантациясы жасалады. Бірақ көмек сұрап келетін ата-аналар жоқ емес, бар. Олардың балаларына да бүйрек трансплантациясын жасаймыз. Мысалы, өткен жылы туа бітті өте күрделі ауруға байланысты диализге түскен, доноры анасы болған, 13 жасар балаға бүйрек трансплантациясын жасадық. Отадан кейін 42 күн орталықта ем алып, жағдайы тұрақталған соң үйге шығарылды, қазіргі танда диализге барып жүрген жоқ.

- Бүйрек трансплантациясына көп жағдайда тірі донорлар қолданыла ма әлде бүйрек марқұмдардың мәйіттерінен жиі алына ма?

- Көбінесе тірі туыстық донорлардан бүйрек алынады. Өкінішке қарай мемлекетімізде қазіргі танда мәйіттік донордан бүйрек трансплантациясы түрлі себептерге байланысты дамымаған. Өткен жылдарда жылына мәйіттік донордан 4-5 трансплантация жүзеге асырылатын, соңғы 2 жылда мәйіттік донордан трансплантация жасалған жоқ.

- Қазіргі таңда бүйрек ауыстырудың бағасы қанша тұрады? Қандай жағдайда ота ақысыз, тегін жасалады?

- Қазақстан азаматтарына бүйрек трансплантациясы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы тегін жасалады.

- Бүгінге дейін Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында бүйрек ауыстыру үшін қанша адам кезекте тұр?

- Бүйрек трансплантациясының күту парағы Қазақстан бойынша біріктірілген және Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі Республикалық орталық арқылы басқарылады. Сол орталықтың деректері бойынша қазіргі танда бүйрек трансплантациясын күту парағында 3017 ересек және 97 бала бар.

- Қандай науқастар бүйрек ауыстыруға жіберілмейді? Яғни, бүйрек ауыстыруға қарсы көрсеткіштер қандай?

- Бүйрек трансплантациясына қарсы көрсеткіштер де бар. Олар – жедел инфекция. Мысалы, жедел қабыну процестері, жедел туберкулездік процесс, онкологиялық аурулар. Бұл жағдайда науқас онкологиялық аурудың толық емін алып, диспансерлік есептен шығарылса ғана, бүйрек трансплантациясын жасауға мүмкіндік туады. Ішімдік ішуді тоқтатпаған науқастар, психикалық аурулары бар науқастар, жүрек және тыныс жетіспеушілігі бар науқастар, дәрі ішу режиміне бағынбайтын non-compliance науқастар да аурулары тұрақталған соң отаға жарамды болады.

Фото
Фото: Болатбек Бимендеұлының жеке мұрағаты

- Бүйрек ауруларының алдын алу үшін нақты қандай қадамдар жасау керек?

- Бүйрек ауруларының алдың алудың жалпы ережелері: жүйелі түрде тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға барып, профилактикалық тексерулерден өту. Бүйрек аурулары анықталған жағдайда қажетті емді кейінге қалдырмай, ауруды асқындырмай дер кезінде дәрігердің көмегіне жүгіну.

- Еліміздің қай өңірінде бұл ауруға шалдыққан адамдар көп кездеседі?

- Жалпы оңтүстік Қазақстанда, оның ішінде Шымкент қаласында жиі кездеседі. Диализ алып жүрген науқастардың басым бөлігі осы қалада. Мұның себебі, еліміздің осы өңірінде халық саны көп, сәйкесінше, бүйрек ауруларына шалдыққандар да көп.

- Өз еркімен донор болатын адамдар кездесе ме? Донор болатын адамдарға қойылатын талаптар қандай?

- Отаға баратын барлық донорларымыз - өз еркімен келісім берген туыстық донорлар. Донорларды протокол бойынша зерттейміз, яғни толық жүрек-қан тамыр жүйесін, тыныс жүйесін, ішкі ағзаларын, бүйректердің жұмыс атқаруын тексереміз, инфекциялар және ең бастысы реципиентпен үйлесімділік анализдері анықталады.

- Ауыстырылған бүйректің орташа жұмыс істеу мерзімі қанша жыл? Бүйрегі ауысқан адамдардың әрі қарайғы өмірінен хабардар болып отырасыздар ма?

- Шетелдік деректер бойынша ауыстырылған бүйректің орташа жұмыс істеу мерзімі 25-30 жылға дейін, біздің науқастарда 5 жылдық бүйрек трансплантатының өмір сүру мерзімі 79 пайыз. Бұл көп факторға тәуелді – донордың жасы және жанама аурулары, реципиенттің жанама аурулары, науқастың отадан кейін дәрі ішу режимін сақтап, күтініп жүруіне де байланысты. Шалғай өңірлерде трансплантациядан кейін бақылап емдейтін дәрігерлердің жоқтығы қиындық туындатады, бірақ науқастардың көбі біздің бақылауымызда, ем алу қажеттілігі болса, орталығымызға келіп қажетті емдеу шараларын алады.

Фото
Фото: Болатбек Бимендеұлының жеке мұрағаты

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899628-buirek-auystyratyndar-symkentte-kop-belgili-dariger-en-kurdeli-ota-qalai-zasalatynyn-aitty/

pixel