Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бөтен адам жүрмейді": Ресейдегі ауылда жалғыз тұратын қазақ өз өмірі туралы айтып берді

Опубликовано:

Фото
Фото: Sputnik / Владимир Песня

Дүйсетай ауылы Омбы облысынан 130 километр қашықтықта орналасқан. Мұнда қазір тек бір ғана адам тұрып жатыр. Ол Рахметжан Құсайынов деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Кеңес одағы кезінде ауылда шамамен 60 отбасы тұрған. Басым бөлігі қазақтар болған. Кейінірек халық келешегі жоқ ауылдан жаппай көше бастайды. Үйлер қирап қалған. 2009 жылы қабырғасы бүтін қалған жалғыз үйді Рахметжан Құсайынов сатып алып, ауылға мал айдап кіргізген.

Бүгінде Құсайыновтың Дүйсетай ауылында фермасы бар. Шаруашлықта вахталық әдіспен бір сауыншы және екі бақташы жұмыс істейді. Олар Москаленск ауданын ет және сүтпен қамтамасыз етіп отыр.

Ауыл неге қаңырап бос қалды?

Рахметжан Құсайынов Дүйсетай ауылына кездейсоқ тап болған. Ол сол маңнан өтіп бара жатқан кезде ауылдан соңғы болып көшіп жатқан қарияны кездестіреді.

"Негізі өзім Новоцарицыно деген ауылданмын, сол жақта тіркелгенмін. 2009 жылдан бастап Дүйсетай ауылына қоныс аудардым. Мұнда қазаншұңқыр болды, электр желісі тартылған, өріс пен үй бар. Мал ұстап, шаруашылықпен айналысуға өте ыңғайлы. Менде ол шақта 2-3 жылқы, 3-4 сиыр, 50 қой болса, қазір мал саны көбейді: 30 бас сиыр, 200 қой және 30 жылқым бар", - деді Құсайынов.

Дүйсетай ауылында отырықшылыққа бет бұрған көшпелі қазақтардың ұрпақтары тұрған. Ер адамның сөзінше, кеңес одағы кезінде мұнда алпысқа жуық отбасы болған. 2002 жылғы халық санағы барысында 25 адам тіркелген.

"Дүкен мен мектепті жауып, ауылдың келешегі жоқ деді. Бәрі жан-жаққа тарап кетті. Енді адамдар басқа қайтпек? Сол уақытта ауылдарды ірілендіру бойынша шаралар қабылданды ғой. Ал, мен келген кезде мұнда ештеңе болған жоқ. Үй де, мектеп те жоқ. Мен сатып алған үй соңғы баспана болатын. Ол кеңес билігі кезінде, мүмкін, 90-шы жылдары салынған ба, кім білсін...", - деді ер адам.

Ауылда өркениет атаулыдан қалған жалғыз дүние – электр жарығы. Ауыз суды көрші ауылдан тасып ішеді. Ал, малды қазаншұңқырдағы сумен суарады. Аптасына екі рет ауыл жанынан көрші Татьяновка аулына қарай автобус жүреді.

"Жолды арнайы қызмет тазалайды. Ал, батпақ болған кезде өзіміз амалдаймыз. Осы жылы қыс қатты болған жоқ. Қар мен аяз жоқ. Бір апта ғана далада аяз тұрды. Алайда, бұл аса қорқынышты емес. Бұдан да қатты қысты көрдік. 2012 жылы қар қалың жауып, аяздан көз ашпадық. Наурызда 12 күн далаға шықпай отырдық", - деп еске алды Құсайынов.

Көліктер батпаққа батып қалған кездер де болған.

"Мұнда бөтен адам жүрмейді. Біз біріміз бір-бірімізді танимыз. 2013 жылы көлікті боран ұшырып әкетті. Жолаушылардың арасында ересектер де, балалар да болды. Мен оларды Дүйсетайға атпен жеткіздім. Олар бір күн түнеп, түстен кейін жол ашылғанда көлігін жөндеп, өз жөніне кетті. Бізге алғысын айтты. Ал бізге алғыстан басқа не керек", - дейді шаруа.

Ер адам ферманы дамытқысы келетенін, алайда, қаражат жағы қиындық туыдырып отырғанын жасырмады.

"Жанармай мен майлау материалдары, қосалқы бөлшектер қатты қымбаттап кетті. Ал біздің өнім – сүт. Ол әлі сол 18-19 рубль көлемінде тұр. Ет бағасы 250 рубль. Біз өзіміздің Москаленск ауданын қамтамасыз етіп отырмыз. Біз істі бастаған кезде солярка 0 рубль болса, қазір 50 рубль 50 тиын тұрады", - деді Құсайынов.

Ауыл тұрғыны салықты уақытылы төлеп отырғанын және жұмысшыларға жалақыны кешіктірмей беретінін жеткізді.

"Егер, біз 100 пайызтабыс көрсек, ферманы дамытуға 25-30 пайыз қалады. Сол себепті ел қатарлы күн көріп, ас ішіп, киім киюге ғана қаражат қалады. Ауыл шаруашылығында еңбек етіп бай болу екіталай", - деді ол.

Ер адамның сөзінше, Новоцарицынск округінің құрамына кірген Дүйсетай ауылында бұрынғы тұрғындардан ешқандай техника қалмаған. Ол бұл жердің топырақ құнарлы екенін атап өтті.

"120 гектарға егін егіп, жинап алып отырмыз. Топыраққа салған бір түйір бидайдың өзі көктеп шығады. Айналамыз орман. Саф ауа. Бақша ексең де болады. Бір қап картоп ексең, 25-30 қап өнім аласың", - деді ауыл тұрғыны.

Дүйсетай ауылынан көшу оның жоспарында әзірше жоқ.

"Басқа не істеймін? Арақ ішкім келмейді. Оған уақытым да жоқ. Әлі де жұмыс істей тұрсам деймін", - деп қалжыңдады ол.

Оның сөзінше, елді мекенде интернет желісі нашар жұмыс істейді.

Басылым мәліметінше, ХХ ғасырда Омбы облысында шамамен 600 қазақ ауылы болған. Қазір олардың саны 40-қа жуықтайды. Жергілікті қазақтар ұлттық мәдениетті, тілді дәріптейді,  қазақтың мейрамдарын тойлайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899713-bten-adam-zrmejdi-resejdegi-auylda-zalgyz-tratyn-kazak-z-miri-turaly-ajtyp-berdi/

pixel