RU

"Жыныстық қатынасқа мәжбүрлейді": Қарағанды облысындағы абақтыда шу шықты

Түрме
Көрнекі фото: piqsels.com

Қарағанды облысындағы 159/6 абақтысында да жазасын өтеп жатқандардың туыстары дабыл қақты. Айтуларынша, түрме қызметкерлері жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген екі сотталушы жансақтау бөліміне түскен көрінеді. Тіпті түрмедегі өзге де жазасын өтеушілерге "келесі кезекте сенсің" деп қоқан-лоққы жасағандарын айтады. Ақыры қорыққан азаматтар туыстарына қайта-қайта хабарласып, көмек сұрауда. Ал бұл сұмдықты естіген прокурорлар бірден абақтыда тексеру жұмыстарын бастаған деп хабарлайды 31 арна.

Құқық қорғаушы Елена Семенова екі күн бойы сотталушылардың туыстарынан сұмдық хабарламалар алып жатқанын айтады. Онда абақты қызметкерлерінің жазасын өтеп жатқандарды резеңке таяқпен зорлағандары туралы жазылған.

Сөздерінше, қорлық көрген екі сотталушы қазір жансақтау бөлімінде жатқан көрінеді.

"Кеше кешкілік сотталғандардың бірнеше туыстары хабарласып, АК 159/6 абақтысында оларға зорлау әрекеті жасалғанын хабарлады. Сотталушылар зорланған жағдайда өз-өздеріне қол салатындарын айтқан", - деді Елена.

Жазасын өтеп жатқан ұлынан да дәл осы ақпаратты естіген Қайтпас Қоңыров та жағасын ұстағанын жеткізді.

Осыдан екі күн бұрын абақтыдағы ұлы қоңырау шалып, түрмеде қысым көріп жатқанын айтқан. Баласына уайымдаған әке енді президенттен көмек сұрап отыр.

"Құрметті Қасым Жомарт Кемелұлы мен сізден көмек сұраймын. Балам мемлекет қарамағында жазасын өтеп жатыр. Қарағанды облысы поселок Долинка 159/6. 17 ақпан 2021 жыл 15:45-те балам хабарласып, көмек сұрады. Айтуынша екі баланы зорламақ болып, тәртібі бұзылған. Олар қазір жансақтау бөлімінде. Баламның өмірі үшін аландаймын", - деді сотталушының әкесі.

Ал Ольга Шишоваға қоңырау шалған осы абақтыдағы ұлы "ертең мәйітім табылса, мені зорлады деп" түсініңдер дегенін айтады. Жаны қысылған ана енді өзін қоярға жер таппай отыр.

"Екі азаматпен түрменің әкімшілігіндегілер анайы қатынасқа түскендерін ұлым айтты. Одан кейін байланыс үзіліп кетті. Балам үшін қорқамын", - деді сотталушының анасы Ольга Шишова.

Ал қылмыстық атқару жүйесі департаментінің өкілдері түрме қызметкерлері сотталушыларды қорлады деген ақпаратты жоққа шығарады. Айтуларынша, жазасын өтеушілерге қатысты ешқандай зорлық әрекеттері көрсетілмеген.

"АК-159/6 мекемесінде заңсыз әрекеттер жасаған фактілер жоқ. 17 ақпанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің қызметкерлері мен прокуратура бірлесіп, сотталғандарға дене тексеруін жүргізді. Дене жарақаттары анықталған жоқ", - деді Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Рустам Каюпов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899779-zynystyq-qatynasqa-mazburleidi-qaragandy-oblysyndagy-abaqtyda-su-syqty/