"Алғаш рет емес": Боранда көліктерге жол көрсеткен қостанайлық полицей туралы не білеміз
Жарияланған күні:
Қостанай қаласындағы ПБ патрульдік полиция батальонының инспекторы, полиция лейтенанты Амантай Байжанов өз қызметіне адалдығының арқасында әлеуметтік желінің нағыз қаһарманына айналды. Күні бұрын аймақта ауа райының күрт нашарлауына байланысты дауылды ескерту жарияланған еді. Алайда, жол-көлік оқиғасы орнына барған полицейге бұл жайт кедергі болмады, ол автокөліктерді Қостанайға дейін шығарып салуды өзінің міндеті деп санаған.
Қостанай облысы полиция департаментінің мәліметінше, Амантай Байжанов 28 жаста. Ол құқық қорғау органдарында 2014 жылдан бастап жұмыс істейді, оның соңғы алты айында патрульдік полиция батальонының инспекторы қызметінде.
Кеше кешке Қостанайға жақын Федоров тас жолында жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама келгені белгілі болды. Полиция лейтенанты оқиға орнына әріптестерімен бірге барған.
Жолдың мүлде көрінбеуіне байланысты, сонымен қатар бағдарсыз қозғалу мүмкін болмағандықтан, қызметкер жолды өзі көрсетуге бел буып, ауа райының қиын жағдайында қалаға дейін 2 км қашықтықта жүгірген.
Тәртіп сақшысының осы әрекетінің арқасында көліктер легі Қостанайға аман-есен жетті.
"Мен үшін бұл кәдімгі жұмыс күні болды. Бізді жол-көлік оқиғасы болған жерге шақырды. Тас жол өте нашар көрінетіндіктен, көліктер жол жиегіне, жыраға түсіп кетуі мүмкін еді, сондықтан адамдарға көмектесуге бел будым. Мен өзімді батырмын деп санамаймын, бұл біздің жұмысымыз, мен кез келген полицей сияқты әрекет еттім", – деді инспектор.
Сонымен қатар, департаментте бұл әрекет Амантай Байжановтың алғаш рет көрсетіп отырған батылдығы емес екенін атап өтті.
Былтыр 22 сәуірде ол әріптесі Жанболат Жаутинмен бірге өртеніп жатқан үйден 15 тұрғынды құтқарған. Бұл үшін олар медальмен марапатталыпты. Сондай-ақ, Амантайдың үйленгені, жұбайымен 1 жарым жасар ұл тәрбиелеп отырғандығы белгілі болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899817-boranda-kolikterge-zol-korsetken-qostanailyq-batyr-policei-turaly-ne-bilemiz/