Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Командасымен баламасы жоқ аппарат ойлап тапқан инженер бойжеткен кім

Опубликовано:

Алуа Жолғазы
Фото: "Айқын" газеті

Елімізде әлі күнге дейін "ерлерге арналған мамандық, қыздарға қиын жұмыс" деген түсініктер бар. Дегенмен бұл стереотипті бұзып, STEM (ғылым, технология, инжиниринг және математика) саласында оқып, жұмыс істеп жүрген қыздар саны көбейіп келеді. Солардың бірі – электроника және электротехника мамандығының 4-курсында оқып жатқан, 21 жастағы стартапер-инженер Алуа Жолғазы деп жазады "Айқын" басылымы.

Бойжеткен командасымен бірге елімізде баламасы жоқ экоаппарат ойлап тапқан. Болашақ инженер баламасы жоқ экоаппараттың қалай пайда болғанын айтып берді.

"Құрбымыз екеуміз әңгімелесіп отырып, қоқысты сұрыптау – адамзат қолға алуы керек маңызды мәселе екенін түсіндік. Сосын "Неге дүкеннен күнде сатып алып жүрген көп заттың қалдығын азайту үшін оны өлшенетін немесе құйылмалы етіп сатып алмасқа?" деген ойға келдік.

Бұрын ата-апаларымыз сүтті өздерінің шыны ыдысына құйып, сатып алатынын естейтінбіз. Осы әдет неге қазірге дейін жалғаспаған? Өйткені қазір мұндай қызметті ешкім ұсынбайды, Қазақстанда мұндай қызметтің жоқ екенін білдік.

Интернеттен қарасақ, мысал көп екен. Шет елдерде тұрмыстық химия өнімдерін құйылмалы етіп сатады. Ол Zero waste shop (қалдықсыз дүкен) деп аталады. Мысалы, азық-түлік сатып алуға өз пакетіңізбен бару, сұйықтықтарды өзіңіз апарған бөтелкеге құйдырып алу. Ойлана келе, тұрмыстық химия өнімдерін құйып берумен айналысуды жөн көрдік.

Неге мұндай өнім десеңіз, бір нәрседен бастау керек болды, әрі басқа тауар түрі тез бұзылады, кей адамдар өзі таңдаған брендтің өнімін ғана қолданады, сол сияқты кедергілерді жоюға тырыстық. Бұл стартапты Refillme деп атап, өз қаражатымызға бастап кеттік. Refillme ағылшын тілінен аударғанда "мені қайта толтыр" дегенді білдіреді. Яғни, бөтелке адамдарға "Мені толтыр" деген үндеу тастағандай болады", - дейді ол.

Алуа бұл істі өткен жылдың ақпан айында қолға алғандарын айтады. Олар бір жыл ішінде идеяның қаншалықты өміршең екенін тексермек болған. Осы мақсатта алдымен Astana Ecoshop-тың басшысымен келісіп, бірінші прототип аппараттарын орнатқан.

"Ол басында механикалық сорғысы бар 5 литрлік бөтелке болды. Адамдардар таңғалып, қызығып, сатып алатынын көрдік, олардың мұны ашық қабылдағанын байқадық. Кейін Нұр-Сұлтандағы "Невредный" дүкенінің басшылығымен сатылымның белгілі үлесін беретін болып келісіп, онда тағы бір прототипімізді орнаттық.

Онда үш түрлі краны (киім жууға арналған гель, ыдыс жууға арналған гель және сұйық сабын) бар аппаратымыз 2 айдай тұрды. Біз экологияны қорғайтын стартап болғандықтан өнім де эко болуы керек деп шештік. Сондықтан өнімді "Синергетик" деген ресейлік өндірушіден тапсырыс бердік. Кейін жаңа аппарат шыққанда басқа өнімдерді де сынап көреміз. Тұрмыстық химия өнімдерін құйдырып алушылар саны көп болды дей алмаймын.

Ең бастысы азаматтардың эко бастамаға қызығатынын байқадық. Осылай 2 жерге қойған прототипті бақылап, қорытынды шығарып, әртүрлі әлеуметтік, экологиялық жобаларды қолдайтын бағдарламаларды іздей бастадық, грант ұттық. Соның көмегімен қазір өзіміз ойластырған бірінші аппаратымыз құрастырылып жатыр", - дейді Алуа.

Енді жас инженерлер маусым айына дейін 6 аппарат құрастыруды мақсат етіп отыр. Олар алғашқы аппаратын үйдегі гаражда құрастырған. Қазір бір тұрғын үйдің жертөлесінде шеберханалары бар. Командада бес адам жұмыс істейді.

"Тұрмыстық химия өнімдерін құйып беретін аппаратты ірі супермаркет желілеріне қою жоспарда бар. Бірақ бір кедергі бар. Сол супермаркеттердің дистрибьюторлары біздің жобамызға жол бермеуі мүмкін. Кішкентай азық-түлік дүкендеріне қоюды да ойладық. Бірақ онда тұрғындар дұрыс түсінбей қала ма деп ойладық.

Мұндай гипотезаларды алдын ала тексеріп көру қажет. Себебі бізде аппарат санаулы ғана. Алдын ала қай жерге қоюды зерттемесек, онда қоямыз немесе қоймаймыз деп дөп басып айта алмаймыз. Қазір дайындалып жатқан 6 аппарат тұратын жерді ойластырып қойдық. Оларды эко концепциясы бар дүкендерде орнатсақ, бізді ысырып тастамайтынына сенімді боламыз.

Нұр-Сұлтанда 10 шақты экодүкен бар екен. Сосын Назарбаев университетінің кампусына да орнатамыз. Сондықтан әзірге 6 аппаратымызды қоятын жер жеткілікті", - дейді Алуа.

Алуа жобаларын Қазақстанның басқа қалаларында да іске асыру ойда бар екенін айта кетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899869-komandasymen-balamasy-zoq-apparat-oilap-tapqan-inzener-boizetken-kim/

pixel