Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"40 жылда үш-ақ миллион": Зейнетақысы шекті сомаға жетпей қалған мұғалімдер ренішін білдірді

Жарияланған күні:

Мұғалім зейнетақысы
Фото: pixabay.com

40 жыл еңбек өтілі бар қазақстандық мұғалімдер зейнетақы қорындағы қаражатының бір бөлігін ала алмағанына ренішін білдірді. Олардың сөзінше, бұл бағдарлама қарапайым мұғалімдерге арналмаған деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Зейнетақы қорындағы қаражатты алу мәселесін мұғалімдер желіде көтерген.

Facebook желісіндегі Қазақстан ұстаздары тобында "Зейнетақысын мерзімінен бұрын шешіп, пәтер алған мұғалім бар ма?", деген сауал тасталды. Оған 200-ден астам пікір келіп түскен.

19 жасынан мұғалім болып істеген Шынар Сатаева есімді желі қолданушысы өзінің зейнетақы қорындағы ақшасы шешуге болатын шекті сомаға жетпейтінін жазды.

"19 жасымнан еш үзіліссіз, бала күтімімен де үйде отырып көрмедім. Зейнетақы қорындағы ақшам жетпейді екен! Ең болмаса кім - қанша жинады соның белгілі бір пайызын бергенде, аз болса да бәрі алатын еді", - дейді ол.

Ал осы топқа мүше Ұлжан Тілеуке есімді мектеп мұғалімі 22 жыл еңбегінде бар жинағы 2 млн 320 мың теңге екенін айтады.

"22 жылғы ұстаздық еңбегіммен бар жиғаным 2 млн 320 мың теңге дейді. Менің жасымда 4 млн 130 мың теңге болуы керек екен. Расымен де халыққа тиімсіз дүниені кімнің құзіретіне бола жасаған", - дейді ол.

Ал 28 жыл педагогикалық өтілі бар Нұрғали Баратовтың айтуынша, оның зейнетақы қорындағы қаражат үш милион теңгеден сәл ғана асады.

"Не деген масқара?! Педагогикалық өтілім 28 жыл, 22 жыл үздіксіз еңбек етіп жиған қорым үш миллионнан сәл асады. 50 жастағы азамат 4 жарым миллионнан артығын алады екен. Бұл кестені неге сүйеніп, қандай қызметкердің айлығы бойынша есептеген. Барып тұрған бассыздық, халықты қорлау, мазақ ету деп түсінем", - деген ойын жеткізді тәжірибелі мұғалім.

Сол сияқты Роза Темірғалиева есімді мұғалім желіде өзінің 33 жылда жиғаны бұл заң бойынша қажетін өтеуге жетпейтінін ашына жазды.

Ал кейбір мұғалімдер зейнетақы қорына айма-ай ақша түспегенін айтуда. Нәтижесінде бір айда ақша түссе, екінші айда қаражат зейнетақы қорына аударылмағаны анықталған. Сол себепті артылған ақшаның ештеңеге жетпейтінін жазған.

"Егер есепшілер жалақының 10 пайызын нақты аударып отырғанда шамалы қаражат алуға болатын еді. Зейнетақы қорын тексерсеңіз шошисыз. Бір айда бар, бір айда жоқ. Менің 20 жылдық өтілімде жинаған сомамнан артылатыны 165 мың теңге екен. Оны алғанда не істеймін. Бәрібір ештеңеге жетпейді. Халықты алдау ғой бұл?!", - дейді Салтанат Ибрагимова есімді ұстаз.

Мұғалімдер зейнетақы шотындағы қаражаты белгіленген межеге жетпейтінін жарыса жазған. Олар биыл шыққан бағдарламаны қарапайым халыққа арналмағанын айтуда.

"40 жыл жұмыс істеп осы межеге жете алмадым. Кім ойлап тапқан жоба екен? Бізге арналмаған", - дейді Үміт Әбдіғаппар, желідегі Қазақстан ұстаздары тобының мүшесі.

Еске сала кетейік, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан азаматтарына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинағының бір бөлігін пайдалануға рұқсат берілді. Қаражатты алу үшін БЖЗҚ-дағы қаржы "жеткіліктілік шегінен" асу керек.

Салымшылар жеткілікті сомадан артық қаражатты өзінің тұрғын үй мәселелерін шешуге, емделуге жұмсай алады не жарналарын инвестициялау үшін жекеменшік зейнетақы активтерін басқару компанияларына аудара алады.

БЖЗҚ осы күнге дейін 78 074 адамға ақша аударғанын жеткізді. Олар орта есеппен 5.4 миллион теңге алған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899892-40-zylda-us-aq-million-zeinetaqysy-sekti-somaga-zetpei-qalgan-qazaqstandyq-mugalimder-renis-bildirdi/