RU

СҚО-да 15 тонна жүгі бар фура аударылып қалды

Жол апаты
Көрнекі фото: "Ақ Жайық" басылымы

Солтүстік Қазақстан облысында 15 тонна тұқым тиелген жүк көлігі жолдан шығып кетіп, бір жағына аударылды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Есіл ауданы Чириковка ауылының маңында "Volvo" көлігінің жүргізушісіне көмек қажет болды. Ол Тимирязев елді мекеніне 15 тонна тұқым апара жатқан. Фура жолдан шығып кетіп, бір жақ қырынан тұрып қалған. Түнде жолды қар алып қалған соң, оған ешкім жете алмады.

19 ақпан таңғы сағат 4.00 шамасында "Қазавтожол" ЖШС техникасы жолды тазалауға шықты. Полицейлер "Volvo" көлігінің жүргізушісіне көмек көрсету үшін "Есіл Агрофирма" ЖШС директоры Серік Женапиновке жүгінді. ЖШС басшысы тұқым артуға "Monitau" және "К-700" техникаларын беріп және жүргізушіге ыстық тамақ салып жіберген.

Тәртіп сақшылары тұқымды шаруашылық берген жүк көлігіне тиеуге көмектесіп, кейін "Volvo" фурасын жолға шығарды. Ұқсас оқиға Петропавлда да болды. Қала сыртындағы айналма жолда "МАN" жүк көлігі жиекке түсіп кеткен. Оған қалалық патрульдік полицейлер мен "Қазавтожол" ЖШС көмекке келді.

18 ақпанда СҚО-да Шал ақын ауданының тұрғындары көлікпен Петропавлдан жолға шыққан: бірін үйінде балалары, екіншісін науқас анасы күтіп отырған. Ауа райының қолайсыздығынан, айналаны көру шектелгендіктен Есіл ауданының Бірлік ауылының тұсында көлік жолдан шығып кеткен.

Әйелдер 911 нөміріне қоңырау шалған, алайда сол күні құтқарушылар мен полицейлердің күштері боранда адасып кеткен Бірлік ауылының екі баласын іздеуге жұмылдырылған еді. Жолаушыларға трассада кезекшілікте жүрген патрульдік полиция батальонының экипажы көмекке келді.

Жолай кездескен жүк көлігінің жүргізушілері кюветтен көлікті алып шықты. Патрульдік полиция қызметкерлері оқиға қайталанбауы үшін оларды аудан орталығы Сергеевкаға дейін бастап, жеткізіп салды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899991-sqo-da-15-tonna-zugi-bar-fura-audarylyp-qaldy/