Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Күзде халық санағы басталады: Қазақстандықтар нені білуі тиіс

Опубликовано:

Бетперде
Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Биыл күзде Қазақстанда үшінші халық санағы өтеді. Бастапқыда ұлттық санақ 2020 жылға жоспарланған болатын, алайда пандемияға байланысты бір жылға шегерілді. Осы жылы халық санағы қалай өтетінін, санақта кімдер есепке алынатынын, ұлттық санаққа бюджеттен қанша теңге жұмсалатынын Sputnik Қазақстан материалынан біле аласыз.

Халық санағы шартты екі кезеңнен тұрады.

Алғашқы кезең 1-30 маусым аралығында өткізіледі. Интервьюерлер тұрғын үйлер мен тұрғындардың санын нақтылау мақсатында әрбір елдімекенді аралайды.

Екінші кезеңде ұлттық санақ басталады. Ол 1 қыркүйектен 30 қазанға дейін созылады.

Биыл халық санағы екі әдіспен жүргізіледі: онлайн-санақ және дәстүрлі үй-үйді аралау.

1 қыркүйек-15 қазан аралығында қазақстандықтар sanaq.gov.kz сайты арқылы онлайн-санақтан өте алады. Әрбір адам сайтқа жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН), ұялы телефон нөмірін, құпия сөзді енгізу арқылы тіркеледі. Ұялы телефон нөмірін енгізгеннен кейін сол нөмірге растау коды, сондай-ақ, санақтан өткеннен кейін оның санақтан өткендігі туралы SMS келеді.

Үйге санақ жүргізетін интервьюерлер келген жағдайда, респонденттер осы хабарламаны көрсетіп, санақтан өткенін растауы қажет. Интернет арқылы тіркелген респонденттерді интервьюерлер екінші рет сауалнамадан өткізбейді.

Ал 1-30 қазан аралығында интервьюерлер үй-үйді аралайды. Тұрғындардың мәліметтері планшеттерге енгізіледі.

Онлайн және планшет арқылы сауалнама жүргізу үшін электронды санақ парақтары әзірленді. Онда әр азамат баспана жағдайын сипаттайды, бұдан бөлек, этномәдени сипаттамалар, білім және сауаттылық, көші-қон, неке жағдайы, туу, жұмыспен қамтылуы, күнкөріс көзі және тыныс-тіршілігінің шектелуі туралы жаңа сұрақтар енгізілген.

Ұлттық санақ кезінде келесі азаматтар есепке алынбайды

  • шетелде тұрақты тұратын Қазақстан азаматтары;
  • "Болашақ" бағдарламасы және студенттермен алмасу бағдарламалары бойынша оқитын студенттерді (магистранттарды) қоспағанда, 12 ай және одан көп уақытқа шетелге жұмысқа немесе оқуға кеткен Қазақстан азаматтары;
  • өз мемлекетінің дипломатиялық және басқа өкілдіктерінде жұмыс істейтін шетел азаматтары, шетелдік әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері;
  • Қазақстан аумағындағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде жұмыс істейтін шетел азаматтары;
  • өз мемлекетінің үкіметтік немесе өзге де делегацияларының және заңды органдарының мүшелері болып табылатын шетел азаматтары.

Биылғы санаққа қанша қаражат жұмсалады

2018-2023 жылдарға арналған ұлттық халық санағын қаржыландырудың қажетті көлемі 8,2 миллиард теңгені құрайды. Бүгінде оның 3,6 миллиард теңгесі (44%) игерілген. 4,2 миллиард теңгесі халық санағы мерзімінің ауыстырылуына байланысты республикалық бюджетке қайтарылған.

Халық санағы кезінде бір адамға 430 теңге немесе 1,02 доллар жұмсалады. Мысалы, 2009 жылғы санақ кезінде бұл сома 2,9 долларды құрады.

Қанша планшет сатып алынды

Халық санағына қытай өндірісінен шыққан KOUZONE MTK6592 маркалы 27 412 планшеттік компьютер сатып алынды. Біреуі 39 000 теңге шамасында, жалпы 1 миллиард 085,6 миллион теңге жұмсалған.

Санақ аяқталғаннан кейін барлық техника мектептерге жіберіледі.

Уақытша қызметкерлердің жалақысы

Ұлттық санақты өткізу үшін 32 509 адам уақытша жұмысқа тартылмақ.

Бірінші кезеңде тіркеуші ретінде 4 562 адам, ал екінші кезеңде санақ жүргізетін интервьюер қызметіне 23 033 адам қабылданады.

1-кезең интервьюеріне (тіркеушіге) отыз күн үшін 75 743 теңге төлеу жоспарланған.

2-кезең интервьюеріне (санақтан өткізушіге) 94 679 теңге төленеді.

45 күнге толық көлемде қызмет көрсетілген кезде 1-ші және 2-ші нұсқаушы-бақылаушы 113 614 теңге жалақы алады.

Үй-үйді аралауға жіберілетін адамдар мына талаптарға сәйкес іріктеледі:

  • 18 жастан асқан Қазақстан азаматтары;
  • бастамашыл, жауапты, тіл табысқыш;
  • дербес компьютерде жұмыс істеу дағдысы бар;
  • жұмыс өтілі мен кәсіби біліміне талаптар қойылмайды.

Жұмысқа алынған санақ персоналы арнайы дайындықтан өтеді. Уақытша қызметкерлермен өтеулі қызмет көрсету шарты жасалады.

Санақ жүргізу кезінде интервьюерлерде көк түсті сөмке, шарф және куәлік болады.

Ұлттық санақ қорытындысы

2021 жылдың желтоқсанында халықтың жалпы саны бойынша жедел деректер дайындалады. 2022 жылы алдын ала қорытындылар жарияланса, 2023 жылы халық санағының соңғы қорытындысы шығады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900052-kuzde-xalyq-sanagy-bastalady-qazaqstandyqtar-neni-bilui-tiis/

pixel