RU

Халық дауысы - 2021: Билік өкілдерінің жұмысын онлайн дауыс беру арқылы бағалаңыз

Халық дауысы - 2021
Фото: NUR.KZ

"Халық дауысы - 2021" онлайн дауыс берудің төртінші маусымы өткен аптада басталған еді. Оқырмандарымыздың сүйіспеншілігіне ие болған жоба жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын бағалауға мүмкіндік береді.

Қауіпсіз көшеде, жайлы қалада, мүмкіндіктері мен тұрмыс деңгей жоғары мемлекетте өмір сүруді кез келген адам қалайтыны сөзсіз. Бұл көбіне ел тұтқасын ұстап отырған менеджерлерге - әкімдерге, министрлерге, мемлекет қайраткерлеріне, ұлттық компания басшыларына тікелей байланысты болып отыр. Олардың бюджеттік қаражатты қаншалықты тиімді жұмсайтыны, қандай шешім қабылдап, қандай бастамаларды қолға алатыны біздің бүгініміз бен болашағамыздың негізін қалауда маңызды болып табылады. "Халық дауысы - 2021" жобасы - бұл қазақстандықтарға шенеуніктердің жұмысын бағалауға, сол арқылы оларға деген сенім дәрежесін көрсетуге мүмкіндік беретін алаң. Рейтинг қатысушыларына оң немесе теріс баға беру арқылы әркім өзінің азаматтық ұстанымын көрсете алады, тіпті өзгерістердің басталуына түрткі бола алады. Сонымен бірге, дауыс беру кезінде шенеуніктердің ашықтығы мен белсенділігін бағалау қажет.

Төртінші маусымда басшылар арасында бұрынғы номинациялар қайта ұсынылды: "Ең белсенді әкім", "Ең белсенді министр", "Ұлттық компаниялардың беткеұстарлары", "Ең белсенді мемлекет қайраткері". Мұнда дауыс беру арқылы сіз, сонымен бірге еліміздегі қалалардың экологиялық жағдайына, сондай-ақ мәдени және инфрақұрылымдық даму жағдайына қатысты ойыңызды ортаға сала аласыз.

Біздің команда дауыс беруге қатысуды барынша қарапайым әрі түсінікті ету үшін және, ең бастысы, рейтингтің әділ құрылғанына күмән туындамауы үшін барын салуға тырысты. Билік басындағыларға және олардың қызметіне оң немесе теріс баға бермес бұрын, сіз әлеуметтік желілердегі аккаунтыңыз арқылы кіруіңіз керек немесе NUR.KZ сайтына тіркелуіңіз қажет. Бұл әр үміткерге бір акаунттан бір рет дауыс беру мүмкіндігі үшін ойластырылған (мұны ел ішіндегі Қазақстан тұрғындары ғана жасай алады). Сонымен қатар, оң немесе теріс баға берген дауыс берушінің есімі жасырын болып қалады. Номинация рейтингі арнайы формула бойынша есептеледі.

Ал енді қатысушыларға тоқталар болсақ. Республикалық маңызы бар аймақтар мен қалалардың 17 басшысы ең белсенді әкім атағына ие болуға тырысуда. Олардың арасында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев (олар жобаның фавориттері ретінде танылып үлгерген), Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов сияқты қала басқаруда "тәжірибелі қасқырға" айналған қатысушылар бар. Бұл атақ үшін таласта дебютанттар да жоқ емес - мәселен, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов. Әр шенеуніктің өмірбаянымен танысу үшін Википедияға кірудің қажеті жоқ - ол үшін дәл сол жерде "Толығырақ" батырмасын басу жеткілікті.

"Ең белсенді министр" номинациясында 28 министрліктің басшылары, 3 вице-премьер және премьер-министр кеңсесінің жетекшісі Ғалымжан Қойшыбаев бар. Бұл тізімге министрлер кабинетіне жаңадан келгендер - жыл басында ұлттық экономика министрі қызметіне кіріскен Әсет Ирғалиев пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов те енген. Өткен жылы номинацияның "алтыны" Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Бейбіт Атамқұловқа бұйырды. Бұл жолы дауыс беру нәтижесі қандай болатындығы сіздердің бағалауларыңызға байланысты.

Ең белсенді мемлекеттік қайраткер атағына үміткерлер арасында 11 қатысушы бар. Олар - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов, еліміздің Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев және басқалар. Айта кетсек, өткен маусымда бұл номинация бойынша көшті Исекешев бастаған еді.

Ұлттық компаниялардың беткеұстарлары номинациясына БЖЗҚ-ны, Қазпочтаны және өзге де АҚ мен КЕАҚ-ны басшылық ететін 20 адам үміткер болып отыр. Олардың ішінде Айдар Арифханов, Әділбек Жақсыбеков, Қайрат Келімбетов және т.б. бар. 2020 жылы бұл номинация бойынша дауыс берушілердің оң бағасын ең көп жинаған - "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Әсемгүл Балташева болды.

Онлайн дауыс беру 2021 жылдың 18 ақпанында басталды және 13 сәуірге дейін жалғасын таппақ. Дауыс беру кезеңінде NUR.KZ үнемі аралық нәтижелерді жария етіп отырады, қатысушылардан пікір алады және олардың қызметіндегі жетістіктері мен сәтсіздіктеріне шолу жасайтын материалдар дайындайды.

Егер сіз үшін елді кім және қандай бағытта басқарып жатқаны маңызды болса, жоғары лауазымды менеджерлер жұмысының айнасы болып табылатын "Халық дауысы - 2021" онлайн дауыс беру жобасына қатысыңыз. Олар үшін бұл жоба барынша тиімді жұмыс істеуге немесе жұмыс істеуін жалғастыруға қосымша себеп бола түседі, ал сіз әр дауысқа ерекше рөл берілетін азаматтық қоғамның мүшесі ретінде өзіңізді сезіну мүмкіндігін аласыз.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/1900193-halyk-dauysy---2021-bilik-kilderini-zmysyn-onlajn-dauys-beru-arkyly-bagalayz/