Телеарна үшін "талас": Жаңадан ашылған ойын-сауықтық арна кімге тиісілі
Жарияланған күні:
Қазақстандық қос бірдей танымал азамат бір телеарнаны бөлісе алмай жүр. Бірі - бұрынғы театр басшысы болса, бірі - Қазақстан КВН одағының президенті. Әбунасыр Серіков пен Есен Елеукен "таласқан" дүние - жақында ғана көрерменге жол тартқан жаңа арна.
Серіков соңғы кездері заманауи бағыттағы фильмдерде жиі көрініп, "комедия патшасы" атанып үлгерді. Бұрын "Нысана" театрын басқарған әзілкешті жұрт бүгінде кино саласына толықтай ауысты деп жүргенде, ол жаңа бір жаңалығымен бөліскен еді.
"Әркімнің қас-қабағына қараудан шаршадым. Енді өз телеарнамды ашып жатырмын. Жаңа, тың дүниелерді сол арнадан көре аласыздар", – деп кесіп айтқан еді ол тілшілерге берген сұхбатында.
Актердің ауыз толтырып айтып отырғаны – ойын-сауықтық «JTV» телеарнасы. Бұл жақында ғана бастау алған арна. Әзірге тек ID TV және OTAU TV қолданушыларына хабар таратады.
15 ақпан күні ресми ашылу салтанаты ұйымдастырылып, NUR.KZ тілшілері де қонақ болып қайтқан еді. Салтанатты жиында арнаның "басшысы" Әбунасыр мырза көрінбеді.
Есесіне бұл даудың екінші кейіпкері – бұрынғы "Тамаша" телеарнасының экс-директоры Есен Елеукен осы кеште табылып, жиылған жұрт алдында сөз сөйледі.
"Тамаша телеарнасы жабылғанда, көрермендерден толассыз хат-хабарлама келіп, не үшін жабылғанымызды сұраған. Оларға айтар жауабым да болмады. Уақыт көрсетер дегенмін. "Тамаша" арнасы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылғасын, оның ашылуы да, жабылуы да менің қалауыммен болатын нәрсе емес еді. Енді міне, көріп тұрғандарыңыздай, сол "Тамаша" арнасының ұжымы толықтай-дерлік құрамымен осы арнада қызмет етіп жатыр. Яғни, бұл сол баяғы еңбектің, әрі қарайғы өз күшімізбен жасап жатқан жалғасы деуге болады. Кішкентай адыммен болса да, алға жылжи бермекпіз", - дейді ол.
Анықталғандай, «Менің арнам» деген азаматтардың ешқайсысы бұл телеарнаның басшылық құрамында жоқ болып шықты. Тек, сырттай тілекші көрінеді. Өйткені, арнаның директоры да, продюсері де ресми түрде тағайындалған.
Сонымен қатар, ешқандай мемлекеттік мекемеден, жеке кәсіпкерлерден қаржыландырылмайтын жас арнаның болашағы – тек көрермендердің көңіліне байланысты болмақ. Көрермені көп болса, жарнама арқылы кіріс кіреді, болмаған жағдайда, жабылуы бек мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900281-telearna-usin-talas-zanadan-asylgan-oiyn-sauyqtyq-arna-kimge-tiisili/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.