Сарыағашта полицейлер кезекті тойды тоқтатып, қонақтарды таратып жіберді
Опубликовано:

Түркістан облысының полицейлері кезекті қыз ұзату тойына келушілерді тарқатты деп хабарлайды ІІМ ресми сайты Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-ның қызметкерлері карантин режимін және шектеу шараларын сақтау мақсатында тұрақты түрде іс-шаралар ұйымдастыруда. Осындай кезекті арнайы құрылған топпен бірге профилактикалық жұмыстар жүргізу барысында, Сарыағаш қаласының көшелерінің бірінде орналасқан тойханада қыз ұзату тойы өтіп жатқаны анықталған.
Аталған тойға шамамен 100-ге жуық қонақ жиналған. Тойдың үстінен түскен тәртіп сақшылары аталмыш тойға келушілерге карантин режимін түсіндірді. Сонымен қатар оны тоқтатып, қонақтарды үй-үйлеріне тарқатты.
Көпшіліктің басын қосып, өмірлеріне қатер төндірген той жасаушы азаматқа және тойхананы жалға алып жұмыс істетушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша Түркістан облысы бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысында көрсетілген карантин режимін және шектеу шараларын сақтамағаны үшін жинақталған құжаттар Сарыағаш аудандық СЭББ-на жолданды.
Еске сала кетейік, республика аумағында карантин режимі әлі де жалғасуда. Полиция мейілінше үйден шықпай, адам көп шоғырланған аймақтарға барудан бас тартуға шақырады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900369-saryagasta-policeiler-kezekti-toidy-toqtatty/