Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тойда көзге түскен қарағандылық судья: Экс-прокурор да жазаланды

Опубликовано:

Судья
Естай Исабеков. Фото: youtube.com

Қарағандыдағы "Рубин" мейрамханасында туған күнін тойлаған прокуратураның бұрынғы қызметкеріне карантин режимін бұзғаны үшін айыппұл салынды. Бұл туралы дәл сол ғимаратта анасының мерейтойын атап өтіп, желіде тараған видеоның басты кейіпкеріне айналған облыстық соттың судьясы Естай Исабеков айтты деп жазады Liter.kz.

Судья ақпарынша, прокуратураның экс-қызметкері ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлігі бойынша санитарлық нормаларды бұзғаны үшін жауапқа тартылған.

Ал меймандармен алдағы уақытта мұндай жайттардың қайталанбас үшін түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Естай Исабеков мейрамхана иесі де жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлегенін атап өтті.

"Анамның туған күнін ағам ұйымдастырды. Ол да айыппұл арқалады. Көрші залда демалған бұрынғы прокурорға қатысты да шаралар қабылданды. Ол жауапқа тартылып, айыппұл төледі. Ол прокуратурадан жұмыстан шығып кеткен екен. Бірақ, меймандар қатарында қазіргі прокурорлар болған", - дейді судья.

Оның сөзінше, анасының мерейтойында көп адам болмаған. Тек үш үстел жайылған, барлығы пәтерге сыймағандықтан, үшінші үстелге балалар отырған.

"Көп дегенде 30 адам болды. Ол жақта миллион адам жүр, ішінен тек мені тауып алыпты. Мен үстелде де отырмадым, тек меймандарды алып кету үшін мейрамханаға келдім. Ал мобильдік топты көргенде әжелерді қорқытпауға шақырдым, жасы келген кісілер ғой", - дейді Естай Исабеков.

Ол қазір өзіне қатысты тиісті шешім шығаратын судья этикасы жөніндегі комиссия жұмыс істеп жатқанын айтты.

Айта кетейік, осыған дейін желіде Қарағандыдағы мейрамханада түсірілген видео тараған еді. Онда судья Естай Исабековтің мобильді топ өкілдерімен сөйлесіп тұрған сәті таспаланған.

Әңгіме барысында ол көрші залда да "прокурорлардың" жиыны болып жатқанын айтқан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900421-toida-kozge-tusken-qaragandylyq-sudya-eks-prokuror-da-zazalandy/