Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жуынбай әкімдікке келдік": Алматы іргесінде сусыз қалған ауыл тұрғындары шу шығарды

Опубликовано:

Ауыз су кран
Фото: pixabay.com

Алматының іргесіндегі Бесағаш ауылында 1800 шаңырақ ауыз сусыз қалды. Бұл қысы-жазы қайталанып тұратын жағдайға айналған. Ауыл әкімдігі де, аудан әкімдігі де бұдан хабардар. Бірақ жылдарға созылған мәселе оң шешімін табар емес. Ең ірі мегаполиске таяқ тастам жерде тұрған елдімекен халқы судың бір текшесіне 154 теңге төлеп келеді. Судың жиі тоқтап қалуының нақты себебін білгісі келген ауыл азаматтары су таратушы жекеменшік мекеменің сылтауына әбден тойынған деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бесағаш ауылының тұрғындары су тапшылығынан азап шеккендерін жергілікті билік өкілдеріне талай айтқан.

Ауыл азаматтарының сөзінше, әкімдіктің жекеменшік "Тасқұм су" компаниясына шамасы келмей жүр. Мекеменің бітпейтін жөндеу жұмыстары туралы сылтаулары тұрғындарды әбден мезі еткен.

"Биыл карантинде ала жаздай су тоқтап қала берді. Су таратушы компанияға хабарлассақ, "құбыр ауыстырып жатырмыз, "біресе құбыр жарылды, біресе "насос істен шықты" деген сылтауы дайын тұрады. Бұл компанияға судың кубына 154 теңге төлейміз. Бұл не сұмдық? Не әкімдік халықты ескертпейді. Whats appқа жібердік деп қарап отырады. Менде смартфон жоқ болса хабарландыруды қайдан естимін? Қыстың күні мынау, кеше кешкісін еш ескертпесіз өшіре салды. Бүгін жуынбай, нәр татпастан әкімдікке келдік" , - дейді Қабылқақ есімді ауыл тұрғыны.

Бесағаш ауылы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Баймұса KAZ.NUR.KZ тілшісіне судың ескертусіз тоқтап қалу себебін түсіндірді. Әкімдік өкілі тұрғындарды сумен қамтамасыз ететін жекеменшік мекемеден тәуелсіз құбыр тарту жұмысы жоспарланғанын айтты.

"Суды кеше кешке тоқтатты. Ауылдың жоғарғы бөлігіне (1800 үй) су тарататын "Тасқұм су" ЖШС "Алматы су" мекемесіне 38 миллион теңге қарыз болғандықтан су ала алмай отыр. Қазір ауыл әкімі "Алматы су" компаниясына мәселенің мән-жайын анықтауға кетті. Бүгін тұрғындарды сумен қамтамасыз ету үшін Талғардан су таситын көлік сұраттық", - дейді ауыл әкімінің орынбасары.

Ауыл әкімдігі Бесағаштағы ауыз су мәселесін алдағы уақытта біржола шешіп береміз деп отыр.

"Былтыр ауылға жекеменшік компаниядан тәуелсіз ауыз су құбырының жобасына үкіметтен 28 миллион теңге бөлінді. Жоба бекітіліп дайын тұр. Қазіргі таңда аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы облыстық бюджеттен су тарту жұмыстарына 3,5 млн теңге сұратып отыр. Егер сол ақша бөлінсе, құбыр тарту құрылысы биыл басталады", - дейді әкімдіктегілер.

Ауыл әкімдігі тұрғындардың жаз бойы апталап сусыз отыруының себебін құбырлардың ескіруінен дейді. Басты себеп ауылға су тарататын мекеменің резервуары қазіргі тұрғындарға жетпейді.

"Біріншіден "Тасқұм су" мекемесінің "Алматы су" компаниясынан тартылған су құбыры кішкентай болды. Былтыр жазда үлкеніне ауыстырды. Екінші мәселе құбырлар Кеңес үкіметі кезінде салынған, ескірген. Оны жаңартып жатқан ешкім жоқ. Үшіншіден Тасқұм судың резервуарлары қазіргі беріп отырған адамдарына жетпейді. Қазір мекеме 1800 үйге су таратып отыр", - дейді әкімнің орынбасары.

Әкімдік өкілі "Таскұм су" компаниясының "Алматы су" мекемесінен судың кубын 50-60 теңгеден алып отырғанын жеткізді.

Ауыл тұрғындары ай сайын суға төлеген ақшаға "Тасқұм су" ЖШС беріп жүрген түбіртектің заңды күші жоқ екенін айтуда. Судың текшесіне 154 теңге төлейтін тұрғындар компанияны салық органдары тексергенін қалайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900554-zuynbai-akimdikke-keldik-almaty-irgesinde-susyz-qalgan-auyl-turgyndary-su-sygardy/

pixel