Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Екпе салдырғысы келетіндер көп": Қиясов вакцинация туралы айтты

Опубликовано:

Вакцина салу
Көрнекі сурет: pexels.com

Қазақстан өңірлерінен коронавирусқа қарсы вакцина дозасын ұлғайту туралы өтінімдер көптеп түсуде. Бұл туралы еліміздің бас санитар дәрігері – денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Қиясов мәлімдеді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бас санитар дәрігердің айтуынша, елде коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасын алғысы келетін адамдар аз емес. Еліміздің барлық өңірлерінен келіп жатқан өтініштер жетіп артылады.

"Өңірлерден халықтың жекелеген топтарын вакциналау үшін вакцина дозасын ұлғайту туралы өтінім үнемі түседі. Сұраныс өте көп. Менің атыма да кәсіпорын басшыларынан, қарапайым азаматтардан, тағы басқалардан күн сайын өтініш келіп жатады. Сұранысты қанағаттандыруға тырысып жатырмыз, вакцина өндірісін ұлғайтамыз", - деп жауап берді вице-министр.

Айта кетейік, бүгін, 24 ақпанда Қарағанды фармацевтикалық кешенінде өндірілген "Спутник V" вакцинасының алғашқы 90 мың дозасы өңірлерге жөнелтіледі.

Вакцина отандық зауыт аумағынан "СК-Фармацияның" Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбедегі төрт хабына жеткізіледі. Кейін бірыңғай дистрибьютор препараттарды қалған өңірлерге тасымалдайды.

Вакцина әр өңірге әкімдіктерден түскен өтінімдерге қарай бөлінеді.

Қарағанды фармацевтикалық кешені наурыз айында вакцинаның 150 мың дозасын шығаруды жоспарлап отыр. Ал сәуір айынан бастап препарат өндірісінің көлемі 600 мың дозаға жетеді.

Қазақстанда 1 ақпанда коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау басталды. Екпе, алдымен, инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтарына кезең-кезеңмен салынады. Олардың ішінде медицина қызметкерлері, педагогтар, құтқарушылар, полицейлер, әскерилер, созылмалы ауруы бар адамдар бар. Екпе тегін және ерікті түрде егіледі.

Айта кетейік, вакцинация екі кезеңнен тұрады: бірінші дозадан кейін 21 күн өткен соң, екіншісі егіледі. 22 ақпанда, республика бойынша "Спутник V" вакцинасының екінші дозасын егу басталды.

Денсаулық сақтау министрлігі жыл соңына дейін 6 миллионға жуық адамды вакциналауды жоспарлап отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900606-ekpe-saldyrgysy-keletinder-kp-kiasov-vakcinacia-turaly-ajtty/

pixel