Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

БҚО-да әйеліне заңсыз жалақы төлеген бас дәрігердің ісіне әріптестері қарсы шықты

Опубликовано:

Дәрігер
Көрнекі фото: piqsels.com

Пандемия өршіген кезде өз әйеліне заңсыз жалақы төлеген аудандық аурухананың бас дәрігерінің ісі қылмысқа жатпайды. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері мәлімдеді деп хабарлайды "Астана" арнасы.

БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті өкілдерінің айтуынша, бүгінде барлық ақша бюджетке кері қайтарылған. Сол себепті, қылмыстық іс қозғалмайды.

Аурухана қызметкерлері болса, адам жанының арашасы болудан гөрі, ақшаға ұмтылған басшының бұл ісі - дәрігерге жат қылық деп отыр.

Теректі ауданындағы нөмірі 2-ші аурухананың басшысы Бекзат Кубаев әйелін пандемия кезінде жұмысқа тұрғызғанын мойындап отыр. Алайда оның орнына басқа адам жұмыс істеген. Ал келіншегі жұмысқа шықпаса да, 274 мың теңге айлықты қалтаға басып отырыпты. Бас дәрігер сол кезде тағы бір қызметкерге дәл осылай жалақы төлепті.

"Факт болды, бұл факт бойынша тексеріс болды. Тексерістің нәтижесі бойынша мемлекеттік ішкі аудит департаменті тексерді. Оның қорытындысы бойынша облыстық денсаулық басқармасы да тексерді. Осы қаржының бәрі бюджетке қайтарылды", - дейді Бекзат Кубаев.

Келтірілген шығын көлемі небәрі 476 мың теңге болғандықтан қылмыстық іс қозғалмапты.

"Қылмыстық кодекстің 361-бабы, яғни қызметтік өкілеттіліктерін теріс пайдалану бабымен қылмыстық іс тіркеуге негіз жоқ. Себебі, келтірілген шығын елеулі зиянға сәйкес келмейді. Яғни 200 АЕК-тен аспайды. Сондықтан басқа да қылмыстық құқықбұзушылық сипаттары анықталған жоқ", - дейді БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сәмет.

Бүгінде бұл іске тексеру жүргізіліп, ақырғы шешімді қабылдау облыстық денсаулық сақтау басқармасына жүктелген екен. Ал басқарма әйелін жарылқаған Бас дәрігерге қатаң сөгіс жариялаған.

Алайда бас дәрігер қатаң сөгіспен ғана құтылғанына аурухананың 20 қызметкері келіспей отыр. Олар өз талабын хатқа түсіріп, прокуратураға жолдапты. Олардың айтуынша, бұл іс әділ қаралып, кінәлі лайық жазасын алуы тиіс.

"Бұл кісі коллективтің арасына іріткі салып отыр ғой. Содан кейін коронавируске байланысты адамдар қырылып жатқан жағдайда ол өз мүддесін ойлап, қызметтік бабын асыра пайдаланып, ақша алуды ойлаған. Қанша дәрігер болса да, қанша бастық болса да, ешқандай адамгершілікке жатпайтын дүние ғой", - дейді БҚО Теректі ауданы ауруханасының хирургі Марлен Жарылғасынов.

Е. Карин

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900751-bqo-da-aieline-zansyz-zalaqy-tolegen-bas-darigerdin-qylmysqa-zatpaityn-bolyp-syqty/

pixel