Мейрамханада прокурорлардың да барын айтқан судьяның мәлімдемесіне прокуратура жауап берді
Жарияланған күні:
Бұған дейін әлеуметтік желіде тойда көзге түскен судьяның видеосы тараған еді. Сол кезде ер адам өзінің жақындарынан бөлек, көрші залда "прокуратура қызметкерлерінің" думандатып жатқанын айтқан еді. Судьяның бұл мәлімдемесіне қатысты Қарағанды облыстық прокуратурасы пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Мейрамхана мен мониторингтік топ қызметкерлерінің арасында жүргізілген сауалнаманың және полиция қызметкерлерінің бейнеожетондары мен мейрамхананың бақылау камераларын зерттеу нәтижесінің қортындысы бойынша қадағалаушы ведомствосының қазіргі қызметкерлерінің мейрамханада болу фактісі расталмағанын хабарлаймыз.
Осыған байланысты Қарағанды облысының прокуратурасы уәкілетті лауазымды тұлғалар растаған ресми ақпаратты назарға алуды сұрайды", - деп атап өтті ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Қарағандыдағы мейрамханада түсірілген видео тараған еді. Онда судья Естай Исабековтің мобильді топ өкілдерімен сөйлесіп тұрған сәті таспаланған.
Ал видео жазбасында оның анасының туған күнінің құрметіне той ұйымдастырғаны айтылған.
Кейін желіде тараған видеоға қатысты Естай Исабековтің өзі пікір білдірді. Айтуынша, анасының туған күнін ағасы ұйымдастырған. Мерейтойда көп адам болмаған шамамен 30 адам. Тек үш үстел жайылған.
Ал өзі меймандарды алып кету үшін мейрамханаға келіпті. Мобильдік топты көргенде әжелерді қорқытпауға шақырған екен.
Исабеков ағасы да, мейрамхана иесі де жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлегенін атап өтті.
Өзіне қатысты тиісті шешімді судья этикасы жөніндегі комиссия шығаратын айтқан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900833-meiramxanada-prokurorlardyn-da-baryn-aitqan-qaragandylyq-sudyanyn-malimdemesine-prokuratura-zauap-berdi/