Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте жер үйде газ жарылып, бір отбасы далада қалды (фото)

Опубликовано:

Шымкент үй11
Оқиға орнынан кадр: КТК арнасынан

Шымкентте жер үйде газ жарылып, бір отбасы далада қалды. Жарылыс болған кезде үйде 6 адам болған. Қазір баспанасыз қалған қос бүлдіршін туыстарын паналаса, күйік шалған ата-анасы мен тағы бір қыз ауруханада жатыр деп хабарлайды КТК арнасы.

Телеарнаның мәліметінше, жарылыс болған үй орналасқан Құрсай ықшамауданына көгілдір отын жақында ғана беріліпті. Отбасы енді ғана берілген газды қоспақ болғанда, ол лап етіп тұтанып, күшті дүмпу болған.

Салдарынан 2013 жылы ғана тұрғызылған үйдің күл-талқаны шыққан. Саманнан салынған үй әп-сәтте қирап, жарамсыз күйге түскен.

Ал жәбірленушілер бұған газ тартқан жекеменшік компанияны кінәләйді. Айтуларынша, шарбақтан үйге дейін құбыр жүргізгеніне 330 мың теңге алған мердігер нұсқаулықты телефон арқылы беріпті.

"Телефонмен ол кісілер қалай қосылу керек екенін ауызша айтқан. "Бірінші ауа шығарып, кішкене күт, содан кейін барып қос" деген. Сол сәтте осындай жағдай болған. Олар келмеген. Сөйтіп телефонмен нұқсқау берген. Сотқа береміз. Өйткені маманы келіп, ол келісімшартқа тұрған соң, өзі қосуы керек еді", - дейді жәбірленушінің туысы Сәбина Серікқызы.

Жарылыс болған кезде үйде алты адам болған. Екі және төрт жастағы қос бүлдіршін мен қыдырып келген тағы бір туысы дін аман. Ал отағасы, әйелі мен 19 жастағы бойжеткен ауруханаға түскен. Олардың беті, қолы оңбай күйген дейді дәрігерлер.

"40 жастағы ер адамда термиялық күйік жалынның 1, 2, 3-ші дәрежесі. Беті, алақаны мен саусақтары күйген. 37 жастағы әйелде де сондай жарақат. 19 жастағы қызда термиялық күйік жалынның 1, 2, 3-ші дәрежесі. Бетінде ғана жарақат бар", - дейді Т. Орынбаев атындағы жоғары қысымды оксигенация орталығының бас дәрігері Мәдина Ермаханбетова.

Шым үй12
Оқиға орнынан кадр: КТК арнасынан

Қазір үй қожайындарының туыстары кәдеге жарамды дүниелерді шығарып жатыр. Одан соң арнайы техника айналасы бір-екі күнде қираған үйді сүріп тастамақ.

Ал Шымкенттің атқамінерлері қиын жағдайға душар болған отбасыға жан-жақты көмек көрсететіндерін жеткізді. Бірінші кезекте даладаға қалғандарды уақытша баспанамен қамтымақ.

"Жаңа үй салып біткенше, күзге дейін болса, күзге дейін, жазға дейін болса, жазға дейін баспанамен қамтимыз. Одан кейін барлық материалдық жағдай болсын, техникадан болсын, аудан әкімшілігі тарапынан үлкен көмек көрсетіледі", - дейді Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш.

Құзырлы органдар газ жүргізген компанияның атын айта алмай отыр. Бірақ жарылысқа сол компания кінәлі болса, шығынды өтеуге тура келеді. Себебі, баспанасыз қалған отбасының қайтадан үй салатын жағдайы жоқ.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900940-symkentte-zer-uide-gaz-zarylyp-bir-otbasy-dalada-qaldy/

pixel