Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақта Көрісу күні деген жоқ": Белгілі мәдениеттанушы өз тұжырымын түсіндіріп берді

Опубликовано:

Көрісу
Фото: ktk.kz

Наурыз мейрамына бір айдан аз уақыт қалды. Белгілі мәдениеттанушы Серік Ерғали осы мерекені 12 жылдан бері зерттеп, наурызды тойлауға байланысты ғылыми негізделген тұжырымдамасын ұсынды. KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында ғалым елімізде наурыз мейрамының атрибуты саналатын көрісу туралы қоғамдағы жаңсақ пікірге түсініктеме берді.

Серік Ерғали еліміздің батыс өңірінде 14 наурызда аталып жүрген жыл басын "Көрісу күні", "Амал (Қамал) күні" деп атау дұрыс емес дейді.

"Қазақ тарихында, этнографиясында Көрісу күні деген жоқ, көрісу ғұрпы бар. Көрісу қазақта екі жағдайда болады. Біреуі - туыс қаза тапқан кезде бір-бірімен көрісіп, құшақтасып жылайды. Екіншісі - мүшелдік жаңа жылдың кіруіне байланысты көрісу ғұрпы.

Ғұрып деген - ритуал, жоралғы. Көрісу григориан күнтізбесімен 14-наурызда кіреді. Ескі юлиан күнтізбесімен 1-наурызда кіреді. Көрісу барлық қазаққа тән. Әсіресе батыс өңірінде сақталған. Қарақалпақтарда да бар. Шығыс өңірде де, оңтүстікте де болған.

Абайдың "Жазғытұры" өлеңінде:

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып, - дейді.

Демек сол кезде шығыста да көріскен. Мәселе - қазіргі қазақтардың ұмытып қалғандығында. Кеңес үкіметі 70 жылда талай нәрсені ұмыттырды", - дейді наурызтанушы ғалым.

Серік Ерғали көпшіліктен ғұрып пен күнді шатастырмауды сұрайды.

"Мысалы тұсаукесер - ғұрып. "Тұсаукесер күні" деген жоқ. Сыңсу деген ғұрып, бірақ сыңситын күн жоқ. Қыз ұзатады. Күнтізбелік жаңа жылда шыршаның шамын жағады. "Шам жағу күні" жоқ, бірақ ондай ғұрып бар. Жалпы қазақ халқында жаңа жыл 14 наурызда кіреді. Оны бірден-бір қарсы алу ғұрпы көрісу болған, болып келе жатыр да.

1988 жылы Колбин елді басқарған кезде сол кездегі зиялы қауыммен ақылдасып, наурызды ресми түрде 21-22 наурызда тойлауға шешім қабылдапты. Сөйтіп халықтың 14 наурызда бейресми мерекеленіп келген Наурыз мейрамы 21-22 -сіне көшіп кетті. Содан кейін 14 наурызды "бұл қандай мереке?" деп сұрағандарға жауап ретінде бірдеңе деп атау керек болды. Қазір Амал, Көрісу күні дейді. Бұны Көрісу күні деп шығарып жүрген соңғы 20 жылдықта туып-өскен жастар. Олар бұның ар жағын білмейді", - дейді мәдениеттанушы.

Серік Ерғали "Көрісу күні жоқ" дегені үшін шала бүлініп, сөзге түсінбей жатқан желідегі оқырмандарға Көрісу ғұрпының мазмұнын ашып айтып берді.

"Сөзге түсінбей жатқандар көп. Көрісу ғұрпы бар, Көрісу күні деген мереке жоқ. Ол күн көрісу мерекесі емес, ол күн қазақтың жылының басы. Жылбасы, наурызбасы деп аталу керек. Бұл көктемнің бірінші күні", - деді ғалым.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901006-qazaqta-korisu-kuni-degen-zoq-belgili-madeniettanusy-oz-tuzyrymyn-tusindirip-berdi/

pixel