Алматыда қоғамдық моншада бес бала иіс тиіп уланып қалды
Жарияланған күні:
Алматыда қоғамдық моншаға барған алматылық отбасы өлім аузынан қалды. Жанұяның бес баласы иіс тиіп уланып қалған деп хабарлайды "Еуразия" бірінші арнасы.
Оқиғаның жай-жапсарын журналистерге балалардың әкесі айтып берді. Оның сөзінше, моншада кішкентайлардың басы айналып, жүрегі айныған.
"Төлемді 100 метр жерде орналасқан дүкенге төледік. Артынша бізді келіншек сыртымыздан бір жарым сағатқа жауып кетті. Бір сағат өтпей жатып, баланың басы айнала бастады. Одан кейін басқа балаларымның, әйелімнің жағдайы нашарлады. Мен есікті ашуын сұрап, айғайладым",- дейді отағасы Мұса Қосмұратов.
"Бастапқыда ыстықтан жағдайым нашарлады деп ойладым. Артынан жүрегім айни бастағанда, бір нәрсенің дұрыс емес екенін түсіндім. Соның ішінде өліп кетеміз бе деген ой келді",- дейді алматылық келіншек Бақыт Қадырбекова.
Айғайды естіген дүкен қызметкері бірден жүгіріп келген екен. Балалар бірден ауруханаға жеткізіліпті, олардың ең кішісі үш жаста. Қазір олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Төтенше жағдай орнына бірден апатты қызмет пен ТЖД қызметкерлері келген. Мәселенің монша мұржасында болғаны анықталды. Дәлірек айтқанда, жылыту қазандығының мұржасы мен желдеткішінде ақау бар екені белгілі болды.
"Газбен жабдықтау Заңына сәйкес, үй иесі газ жабдықтарының жарамдылығы мен техникалық жағдайына жауап береді, жауапқа иесі тартылады", - дейді газ тарату ұйымы компаниясының өкілі Әсел Тұрғымбаева.
Мамандар осыған дейін моншаға тексеру жүргізілгенін, газдануды анықтау құралдарын орнатуды тапсырғанын мәлімдеді. Алайда, қандай да бір себептермен құрылғы істемей қалған. Қазір монша келушілерді қабылдамайды. Ал полиция балалардың улануына қатысты тергеу жұмыстарын бастап кетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901439-almatyda-qogamdyq-monsada-bes-bala-iis-tiip-ulanyp-qaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.