Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Баласы ауырған анаға ұқсамайсыз": Отандық әнші басына түскен сынақты қалай еңсергенін айтты

Опубликовано:

Қуаныш Қарлығаш
Фото: instagram/kuanysh_karlygash Қуаныш & Қарлығаш дуэті

Қуаныш пен Қарлығаш дуэтінің әншісі Қарлығаш Сырлыбекова 8 наурыз мерекесі қарсаңында KAZ.NUR.KZ порталына сұхбат берді. Былтыр көпбалалы отбасы үшін ауыр жыл болғаны елге әлеуметтік желі арқылы мәлім. Басына түскен сынаққа мойымай, елге көңілді боп көріну әншіге оңай соқпаған. Кенже баласының емі үшін отбасынан жырақта, Түркияда тоғыз ай тұрып келген қазақ әншісі жақында елге жақсы хабармен оралғанын жеткізді. Бауыр еті баласы ауырса да, әншінің ел алдында күлімдеп жүруінің өзіндік сыры бар. Әнші сұхбатта елдегі көпбалалы отбасылар жайлы, қазақстандықтардың Түркияға қоныс аударуы туралы пікір білдірді.

Қарлығаш Сырлыбекова бес баланың анасы. Былтыр карантинмен тұспа-тұс кенже ұлы ауыр дертке шалдығып, әншінің өмірі күрт өзгерді.

Анасы баласымен бірге ем іздеп, шетел асты. Тоғыз айға жуық алысқан дертті олар ақыры жеңіп, жақында елге оралды.

Әншінің сөзінше, былтыр басына түскен сынақтан кейін оның өміріне қызығушылар күрт көбейген. Сол уақыттан бері оған әлеуметтік желі арқылы еліміздің түкпір-түкпірінен баласы ауырған аналардан толассыз хат келе бастапты. Өнер иесі әу бастан желідегі оқырмандарына бар жайды ашық айтуға шешім қабылдаған.

"Инстаграмда белсенді болғандықтан, оқырман менің күнделікті тіршілігімнен хабардар. Біз ұзақ уақыт ауруханада болдық, оқырман оның не себепті екенін білгісі келді. Сұрақ көбейді. Содан соң мен ештеңені жасырмай, қалай бар, солай жазамын, айтамын деп шештім. Менің басыма келген сынақты басқа да адамдар өткеріп жатыр. Бірақ қарапайым халық болғаннан кейін оны ешкім елеп жатқан жоқ. Ал бізге өнер адамы ретінде үміт артады. Мен емделіп жатқан жерімізді, аппараттары қандай екенін, онда емделіп жатқан балаларға қандай жағдай қарастырлығанын, бәрін толық жазып отырдым. Ақпарат беріп жүрдім. Сондықтан да мен мұнда жасыратын нәрсе көріп тұрған жоқпын. Ол енді сынақ қой. Кім нені жақсы көрсе, сонымен сыналады", - деді әнші.

Эстрада әншісінің айтуынша балалары ауыр дертке шалдыққан аналар өте көп. Ол өзі сияқты сынаққа тап болған аналарға үміт сыйлағысы келгендіктен желіде ешнәрсені жасырмай барынша ашық болғанын жеткізді. Ол желіде "баласы ауырған адамға ұқсамайтын" образын қалыптастыруға не түрткі болғанын айтты.

"Осы жағдайды естіп, маған хаттар келе бастады. Біздің шетелге барып емделіп келгенімізден кейін баласы ауыратын бүкіл анада үміт оты оянды. "Бізде солай барып жазылып келсек" деген ой оларда да пайда болды. Жазушылардың көптігінен кейін тіпті оларды тыңдамайтын да болдым. Өйткені өзімнің басымнан өткеннен кейін ақпараттың бәрін жүрегіме жақын қабылдаймын. Баласы ауырып жылаған аналар көп. Бірақ барынша ем алу туралы сұраған жандарға ақпарат беріп отырғаннан тайынған жоқпын. Тіпті байланыс телефондарына дейін бердім. Ақыры маған көмек беріңіз деп өзіме жазатын болды.

Осы жағдайдан кейін менің оқырмандарымның саны да көбейді. Бірінен бірі естіп: "менің де балам осындай" деп жазып кетті. Пікір жазушылар тек баласының ауыратыны туралы жаза бастады. Сосын мен Instagram-да көңілді жүруді, әр сәтті бағалау керек екенін дәріптеуді бастадым. Олар менен мотивация алатынын жазды. "Ойнап-күліп жүрсіз. Баласы ауырған адамға ұқсамайсыз" дегендер болды. Ауырмаған баласынан айырылып қалып жатқан аналар бар. Барлығы Алланың қолында ғой. Мен бұл жағдайды Алладан келген сынақ деп қабылдадым. Арты жақсы болатынына сендім", - дейді Қарлығаш Сырлыбекова.

Әнші елімізде көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы жайлы, жалғыз сол ақшаға қарап отырған жанұялар туралы пікір білдірді.

"Бұрын он мың теңге алатынбыз. Ештеңеге жетпейтінін белгілі ғой. Ақшасы бар адамдарға бұл білінбеуі мүмкін, ал ауылда қыста от жағатын, жұмысы жоқ отбасыларына өте қиын. Үкімет көмекті сол кісілерге берсе жақсы болар еді. Қазір бес балаға 50 мың теңге береді. Бірақ мен әрдайым аналарға тығырықтан шығудың жолы болатынын айтып жүремін.

Қазір технология дамыған заман. Үкіметке қарап отыра бермей, жан-жағына қарап, қимылдаса деймін. Мына карантинде үйден шықпай істейтін жұмыстар көбейді. Көзіміз ашылды. Үйде отырып, қаншама бизнес жасауға болатынын, табыс табуға болатынын көрдік. Үйде отырған ананың басқалардан еш артықшылығы, еш кемшілігі жоқ. Адамның істегенін адам істейді", - дейді көпбалалы ана.

Қарлығаш Сырлыбекова 2020 жылдың тоғыз айын Түркияда өткізді. Әнші сол елдің тұрмыс-тіршілігімен жақсы таныс. Ол қазақстандықтардың Түркияға қоныс аудару себебін сондағы медицина сапасымен байланыстырады. Қарлығаш Сырлыбекованың пікірінше, Түркияға көшуге шешім қабылдағандар елде коронавирус өршіген кезде жиілеп кеткен.

"Ол жерде өмір сүру деңгейі жоғары. Тамағы арзан. Бірақ еті қымбат. Баспана бағасы Қазақстанмен бірдей. Медицинасы дамыған. Халыққа үкімет тарапынан жағдай жасалған. Ол жаққа көшуге шешім қабылдағандар біздің елде коронавирус өршігенде жиілеп кетті. Медицинасы дамығандығына көздері жеткендіктен деп ойлаймын. Карантинде медицина бірінші орында екеніне дау болмады. Ауа райы да қолайлы. Транспорт жүйесі де дамыған. Мұсылман халқы. Сол себепті көшіп жатқан сияқты. Менің де Түркияда қалғым келді. Бірақ біздің жұмыспен ол жақта қалуға мүмкіндік аз. Жұмыс табу қиын. Біздікі өнер болғаннан кейін басқа елге барып сіңісіп кету оңай емес. Болашақта сол жақта балаларымды медицинаға оқыту жоспарда бар", - дейді дуэт әншісі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901473-balasy-auyrgan-anaga-uqsamaisyz-otandyq-ansi-basyna-tusken-synaqty-qalai-ensergenin-aitty/

pixel