Бақыт Сұлтанов азық-түлік бағасын тұрақтандыра алмаған шенеуніктерді жауапқа тартуды ұсынды
Жарияланған күні:
Азық-түлік бағасын тұрақтандыра алмаған лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту қажет. Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов осындай ұсыныс тастады деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Министрдің дерегіне сенсек, соңғы бір жылда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құны шамамен 2 жарым пайызға қымбаттаған. Мұның басты себебі, жауапты азаматтардың жауапсыздығынан дейді Бақыт Сұлтанов.
Азық-түліктің қымбаттауы халықтың қалтасына салмақ салуда. Қымбатшылықтан күн көру қиындап кеткенін айтқан жұрт ренішін білдіруде.
"Тез қымбаттап кетті. Әрине, ол қалталы адамдарға ешнәрсе етпейтін шығар. Бірақ зейнеткерлердің қалтасына ауыр тиеді әрине", "Азық-түліктің бәрі қымбаттап жатыр. Ақшаның құны жоқ", - деп ашуланды жергілікті тұрғындар.
Бақыт Сұлтанов бұған жергілікті жерлерде тұрақтандыру қорларының аздығы себеп екенін алға тартты. Тіпті бар өңірлердің өзінде атқамінерлер жұмысты жүйелей алмай отырғанын сынға алған министр, оларды жауапкершілікке тартуды ұсынды. Одан бөлек, тұрақтандыру қорларының жұмысын қайта қарау қажет деп отыр.
"Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлік атқарушы органдармен бірлесіп, импортқа тәуелді тауарлар бойынша ғана емес, сондай-ақ экспорттың жоғары үлесі байқалатын өнімдер бойынша да өндірісті барынша ұлғайтуы қажет", - дейді ол.
Ал аймақ басшылары Бақыт Сұлтановтың сынымен келіспей отыр. Оралдық атқамінерлер бағаның шарықтап кетуіне өңірлік қорлардың кінәсі жоқ деген пікірде.
"Бидай өніміне және күнбағыс шикізатына әлемдік бағаның қымбаттауы себеп болып отыр. Өзіңіз білетіндей, күнбағыс майы былтырғы бағамен салыстырғанда 15 пайыздан жоғары өсті. Былтыр 400 теңге тұратын күнбағыс майы қазір 600 теңге тұрады. Ол жаңағы шикізат өнімдерінің қымбаттауына байланысты", - дейді "Ақжайық" ӘКК АҚ басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Артур Досқалиев.
Үкімет басшысы Асқар Мамин болса, өз кезегінде ішкі нарық азық-түлік тауарлары бойынша отандық өніммен 100 пайыз қамтылады деді. Бұл 2023-ші жылға қарай жоспарланып отырғанын жеткізді. Тіпті Қазақстан әлемдік азық-түлік хабының бірі болуға нақты мүмкіндігі бар деді.
Ғ.Өтемісов
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901648-baqyt-sultanov-azyq-tulik-bagasyn-turaqtandyra-almagan-seneunikterdi-zauapqa-tartudy-usyndy/