Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үш жылыжайымыз бар": Гүл өсіру кәсібін дөңгелеткен отбасы табысқа кенелудің құпиясымен бөлісті

Опубликовано:

Жанат гүл жылыжай
Фото: NUR.KZ/Эльмира Асқарқызы

8 наурыз мерекесі қарсаңында гүлдер әсіресе қызғалдақ саудасы қыза түсетіні белгілі. Гүл сату саласындағы кәсіби мамандардың айтуынша, нарықтағы гүлдердің тек 30 пайызы отандық өнім. Осы орайда қызғалдақ өсіруді алтыншы жыл қатарынан табыс көзіне айналдырған бағбан отбасының мүшесі кәсібінің қызығы мен қиын тұстарын айтып берді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Тәуекелі аса жоғары бизнес өкілдері биылғы мерекеге деп жылыжайда 36 мың түп қызғалдақ еккен. Алайда олардың көпшілігі жарамсыз болып, қоқысқа кететін түрі бар.

Алматыға қызғалдақтар Голландиядан импортталады. Ал елімізде бұл саланы табыс көзі етушілер саусақпен санарлық. Сырттай қарағанда оңай көрінген гүл өсіру кәсібінің машақаты көп болып шықты.

жылыжай қызғалдақтары
Фото: NUR.KZ/Эльмира Асқарқызы

Алты жыл бұрын алақандай жерге гүл егіп, пайда таба бастаған алматылық отбасы бүгінде жер көлемін ұлғайтқан. 8 наурыз қарсаңында олардың жұмысы да қауырт.

Мына жылыжайда ағайынды алматылықтар еңбек етіп келеді.

теплица
Фото: NUR.KZ/Эльмира Асқарқызы

Гүл өсірумен айналысатын кәсіпкер Жанаттың сөзінше, былтыр күзде биылғы көктем мерекесіне 36 мың түп қызғалдақ еккен. Алайда қазір мереке қарсаңында бірнеше мың түп ауырып, өспей, жарамсыз болып қалыпты. Кәсіпкер бұл жағдайдың гүл бағасының қымбаттауына әсер етуі мүмкін екенін жасырмайды.

барселона
Фото: NUR.KZ/Эльмира Асқарқызы

"Міне мерекеге аз ғана уақыт қалды, ал біз енді ғана 10 мыңын жинадық. Бұл жылыжай бауырыма тиесілі, алайда карантинге байланысты ол мұнда жалғыз жұмыс істеуге тәуекел еткісі келмеді, сөйтіп бұл жерге гүлді үш-төрт адам бірігіп ектік", - дейді Жанат.

Кәсіпкер бұл қадамға шығынды азайту үшін барғандарын айтады. Гүл өсіретін отбасы қазір бір сотық жерді жылыжайға айналдырып отыр. Жанат "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы аясында грант алып, оны кәсібін жүргізуде сәтті пайдаланғанын атап өтті. Отбасының бұдан бөлек тағы екі жылыжайы бар.

ауырып қалған гүлдер
Фото: NUR.KZ/Эльмира Асқарқызы

"Бұл бизнестің қиындығы сол, тәуекелге бел буып кірісесің. Өйткені қызғалдақтар 8 наурызға дер кезінде шықпай қалуы мүмкін немесе ауру түсіп, өнім бермеуі де мүмкін. Ал наурыздан кейін бұның мүлде құны жоқ. Биыл екінші жылыжайдағы гүлдеріміздің жартысынан көбі шықпай қалды. Себебі өте кеш егіп қойдық. Негізі қызғалдақты қыркүйекте егіп тастау керек. Ал сол кезде карантин қатаң болды. Біз алдағы жылы не болатынын білмедік", - дейді Жанат.

сурендер қызғалдағы
Фото: NUR.KZ/Эльмира Асқарқызы

Биыл жылыжайда қызғалдақтың 10 түрі өскен. Олардың қатарында иісі аңқыған роман эмпайр, ұзақ уақыт тұра беретін барселона, қызыл түсті суренндер, сары түсті стронг голд бар. Жанаттың айтуынша, 8 наурыздан кейін бұл жерге петунья гүлі егіледі. Ал тамыз айынан бастап жерді қайтадан қызғалдаққа дайындайды екен.

махровый тюльпан
Фото: NUR.KZ/Эльмира Асқарқызы

Жанат гүл кәсібінде жүруінің себебін де айта кетті.

"Кішкентай кезімізде ата-анамыз көкөніс, жеміс-жидек, бәрін өсірді. Көзімізді ашқалы диханшылықты көріп өстік. Өзіміз де біреудің қол астында сатушы болып жұмыс істедік. Бұл саланың қыр-сырын білгеннен кейін, өзіміз неге бастап көрмеске деген шешімге келдік. Аз-аздан бастап, бүгінде үш жылыжайымыз бар", - дейді ол.

Гүл өсіруші бағбандар биыл қызғалдақтардың толық шықпауынан гүлге деген сұранысты та толық өтей алмай отырғандарын алға тартты.

"Биыл гүл жетпей жатыр. Сұраныс көп. Себебі біздікі баға жағынан тиімді. Голландиядан келетін гүлдерге қарағанда отандық гүл 70-80 пайыз арзан. Қазір біз гүлдің бір талын 280-260 теңгеден өткізіп жатырмыз", - дейді Жанат.

Айтуынша, биыл қаңтардан бері жылыжайдағы жайлы температураны ұстап тұруға тоғыз тонна көмір кеткен. Аязды күндері қосымша жылытқыш қосқан.

жылыжай қызғалдақтары
Фото: NUR.KZ/Эльмира Асқарқызы

Қызғалдақтың пиязшығын гүл саласындағы кәсіпкерлер Голландиядан алдырады. Ал таяуда Жанат қызғалдақтың пиязшығын қолдан көбейтуді үйренген.

пиязшық
Фото: NUR.KZ/Эльмира Асқарқызы

"Қазір біз пиязшықтарды қоқысқа тастамаймыз. Оны өсіріп, тексеріп көрдік. Пиязшық бір жылдан кейін гүл береді", - дейді кәсіпкер.

Ағайынды бағбандар Қазақстанда бұрын-соңды ешкім өсіріп көрмеген Лизиантус гүлін де егіп көргенін айтады. Алайда бұл жоба әкімдік тарапынан қолдау таппай отырған көрінеді.

Биыл кәсіпкерлердің болжауынша, гүлден түскен табыс өз шығынын өтеп қана қоятын түрі бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901805-36-myn-tup-qyzgaldaq-gul-osiru-kasibin-dongeletken-otbasy-zumysynyn-qyr-syryn-aitty/

pixel