RU

Алматыда ащы судан ұрттап, бес жасар қызымен бірге көлікке отырған әйел жол апатына түсті (фото)

Жол апаты
Фото: zakon.kz

Алматының "Таугүл" ықшамауданында ащы судан ұрттап, көлік басқарған әйел бірнеше көлікті зақымдады деп хабарлайды zakon.kz.

Лада Гранта көлігінің рөліне мас күйде отырып, дүкенге жетпек болған әйел жол апатына түскен. Көлікте одан бөлек құрбысы және 2015 жылғы қызы болған.

Әйел жолай тұрақта тұрған Toyota RAV4 көлігін соғып, Toyota артында тұрған Мерседес E-Class көлігіне барып соғылған.

Жол апаты
Фото: zakon.kz

Бұған тоқтай қоймаған нәзік жанды артқа беріп, қозғалысын жалғастырған. Дүкеннен керегін алған ол тағы да жолға шығады. Сүлейменов көшесімен келе жатып келіншек Mitsubishi Pajero көлігіне соқтығысады.

Алайда ізін суытпақ болған нәзік жандыны полиция қызметкері байқап қалған. Себебі бұл жолы құқықбұзушылық дәл модульдік полиция бекетіне қарама-қарсы бетте тәртіп сақшысының көз алдында болған.

Жол апаты
Фото: zakon.kz

Полицей әйелдің артынан жаяу қуған. Ол тұйық көшеге барып тірелгенде тоқтау мүмкін болған.

Полицей оқиға орнына жедел топты шақырған. Себебі, әйел өзін тоқтатқанға наразылық білдіріп, ал құрбысы кедергі келтіруге тырысқан. Екі әйелден де алкогольдің иісі шығып тұрған.

Жол апаты
Фото: zakon.kz

Жол апаты кезінде әйелдің көліктегі бес жасар қызының жарақат алғаны анықталды. Алайда анасы да, оның құрбысы да бұл жайтқа назар аудармапты. Оның әкесіне дереу хабар беріліп, ол қызын ауруханаға алып кеткен.

Mitsubishi Pajero көлігінің жүргізушісі темір тұлпары айтарлықтай зақымданбағанын алға тартып, шағымданбайтынын жеткізген.

Дәрігерлер әйелдің орташа масаң күйде болғанын растап отыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901881-almatyda-ashhy-sudan-urttap-bes-zasar-balasymen-birge-kolikke-otyrgan-aiel-zol-apatyna-tusti-foto/