Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандық банктер халыққа үндеу жасады

Опубликовано:

Банк карталары
Көрнекі фото: NUR.KZ

Kaspi.kz, "Сбербанк", Halyk Bank, Нұрбанк, ВТБ Банкі (Қазақстан), ForteBank, Jýsan Bank, AltynBank, Хоум Кредит Банкі, Еуразия банкі және "Альфа-Банк Қазақстан" алаяқтардың шабуылы жиілеп кетуіне байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

БАҚ-та жарияланған хатта алаяқтықтың бірнеше әдісі келтірілген.

"Алаяқтар хабарласып, өзін банк қызметкері деп таныстырады. Олар күдікті операция орындалып жатқанын айтып, клиент шотынан ақша аудару үшін деректерді сұрайды. Мысалы, жеке кабинетте құпиясөзді ауыстыруды, жаңа құпиясөз бен SMS-хабарлама арқылы келген құпия кодты айтуды сұрайды", – дейді мамандар.

Банк қызметкерлерінің мәліметінше, сол деректерді пайдаланып, алаяқтар клиент шотындағы ақшаны аударып алады немесе оның атынан ақшалай кредит рәсімдейді.

Хабарласып, клиент шотынан ақша ұрлануы мүмкін екенін, шұғыл "сақтандыру агентіне", "сақтандыру ұяшығына" ақша аудару қажет екенін айтады. Олар әртүрлі оқиға ойлап табуы мүмкін, бастысы клиент олар көрсеткен шотқа ақша аударғанын күтеді екен.

Банк өкілдерінің дерегінше, кей жағдайда арнайы компьютерлік бағдарлама көмегімен алаяқтар банк нөмірінен немесе банк нөміріне ұқсайтын нөмірден хабарласады. Пошта немесе мессенджер арқылы қайырымдылық акциялары, бірегей қаржылық қызметтер, ұтыс ойындары туралы ақпарат жібереді.

"Ол жерде жеке мәліметтерді енгізу қажет сілтемелер бар. Адам карта деректерін енгізген кезде алаяқтар ақша шешіп алады. Сондай-ақ сілтемеде сіздің қосымшаңызға кіруге мүмкіндік беретін вирус болуы мүмкін.

Хабарласып, жеке кабинетіңізге біреудің кіруге тырысып жатқанын және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қосымшаны жүктеуді ұсынады. Ал шын мәнінде ол алаяқтарға телефон ішіне кіруге мүмкіндік береді. Содан кейін олар клиент атынан қоңырау шалып, қаржылық операциялар орындайды.

Алаяқтар адамды қорқытып, ақшаны тез арада беруге мәжбүрлейді. Ойлануға, жағдайды түсінуге мүмкіндік бермейді. Өзіңізді қорқытуға жол бермеңіз, абай болыңыз!", – дейді банк қызметкерлері.

Банк өкілдері мобильді қосымшадағы немесе интернет-банкингтегі жеке кабинетіңіздің құпиясөзін, карта реквизиттері: нөмірі, жарамдылық мерзімі, CVV/CVC-кодын (картаның артқы жағындағы үш таңбалы код), операцияны растау үшін SMS-код: төлем, аударым және т.б. ешкімге айтпауға шақырады.

"Банк қызметкері мұндай ақпаратты ешқашан сұрамайды. Мұны тек алаяқтар жасайды", – дейді мамандар.

Банк қызметкерлерінің айтуынша, бейтаныс адам мобильді қосымшаны орнатуды сұраса, келіспеу керек.

"Сілтемені баспаңыз. Тіпті хабарлама белгілі банк немесе компания атынан келсе де, сілтеме бойынша өтпеңіз. Сілтемені басу арқылы алаяқтарға банк шотынан ақша ұрлауға көмектесетін компьютерлік вирусты іске қосады.
Жеке деректер мен сауалнаманы толтырмаңыз. Егер сілтеме арқылы өтсеңіз де, ешқашан анкетаны толтырмаңыз, сауалнамаларға қатыспаңыз, өзіңіз жайлы ақпарат қалдырмаңыз", - дейді банк өкілдері.

Жалпы акция мен лотереялар туралы ақпаратты банктердің ресми сайтынан немесе әлеуметтік желілердегі ресми парақшасынан оқуға болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901934-on-bir-bank-qazaqstandyqtarga-undeu-zasady/

pixel