Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бүгін тағы түсіме кірдің": Түрмеден жазылған хат жұрттың жүрегін елжіретті

Опубликовано:

Түрме
Көрнекі фото: piqsels.com

Шығыс Қазақстан облысындағы ОВ-156/18 түзеу мекемесінде "Анаға хат" атты шығармалар сайысы өтті. Оның қорытындысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталушының жүрек елжіреткен хатын ұсынды деп жазады Sputnik Қазақстан.

Шараның басты мақсаты – сотталғандар мен олардың жақын туыстары арасында әлеуметтік маңызы бар байланысты орнату.

Басылым мәліметінше, шығармашылық сайысқа оннан астам адам қатысқан. Нәтжесінде жазасын өтеп жүрген бір ер адамның анасына арнап жазған хаты психологтарды да бей-жай қалдырмады.

"Ана! Анашым! Анатай! Осы бір атауы үш-ақ әріптен құралған нәп-нәзік адам бойында осыншама жылу әрі мейірім бар екендігін кім білген?!

Маматай!

Міне, қыс аяқталып, көктем басталып келеді. Бұл дегеніміз – екеуіміз қауышар сәттің бір қаһарлы қысқа қысқарғандығы.

Бүгін тағы та түсіме кірдің... Тағы да сол менің ұйқыда жатқан сәтімде көрпемді түзеп, үндеместен маңдайымды сипап отырған бетің... Көздеріңде сонша анық білінген көз жасыңды жасырынып сүртіп қоясың... Сағынышыңды тыя алмай, тіпті, түсімде де менің қарабет қара басыма қорған болып жүрсің бе?!

Шіркін...

Әлемді билейтін билік қолда болса ғой. Тура қазір сенің жылуың мен мейіріміңе бөлену үшін бар байлығымды: барымды да, жоғымды да аянбастан төсеп берер ем...

Аяулым! Алтыным! Асылым!

Жыламашы тек... Көктем келді емес пе! Сенің жеке басыңа тиесілі көктем де алыс емес... Сәл шыдашы! Тек ауырмашы! Мойымашы! Берілмеші!

Менің білуімше ана атаулыдан жігерлі әрі нәзік, айбатты әрі аяулы, күрескер әрі көмекке зәру жан жоқ...

Сен де бар жігерің мен айбатыңды жинап күрес, сенің де нәзік жүрегің жылынар сәт алыс емес...

Мама! Бірер күннен соң, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні! Сені осы мейрамыңмен шын жүрегімнен құттықтаймын! Жаратушым Саған денсаулық, ұзақ өмір әрі бақыт нәсіп етсін.

Бетіңнен сүйдім, құшақтадым! Ғафу жүрегіңнің дүрсілін қазір де естіп отырғандаймын... Ізгі сағынышпен тұңғышың!", - делінген әсерлі хатта.

Аға инспектор – психолог Вера Тоқтыбаеваның айтуынша, шығармалар сауаттылығы жағынан әртүрлі болса да, мазмұндық құрылымы бір-бірімен салыстыруға келмейді.

"Мұндай шаралар сотталғандардың түзелу және қайта тәрбиелеу деңгейіне баға беруге, сондай-ақ олардың жеке басындағы оң өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді", – дейді Тоқтыбаева.

Айта кетейік, шығармашылық сайыс 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылып, жеңімпаздар алғыс хаттармен марапатталып, көтермелеуге ұсынылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901995-bugin-tagy-tusime-kirdin-turmeden-zazylgan-xat-zurttyn-zuregin-elziretti/

pixel