Қазақ әйеліне табысты болу оңай ма: Қызметтегі қыз-келіншектер өз тәжірибесін айтып берді
Жарияланған күні:
Болашақ бағдарламасымен білім алып, қазір елімізде әр салада табысты қызмет атқарып жүрген қыз-келіншектер қазақ әйелінің бақыты туралы ойын ортаға салды. Олар ғылымдағы, бизнестегі, жоғары қызметтегі отбасы мен мансабын қатар алып жүрген әйелдер туралы сөз етті. Онлайн-форумда қоғамдағы сексизм, әйел теңдігі, қазақы менталитеттің әйел өміріне әсері сияқты өзекті мәселелер талқыланды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Назарбаев университетінің постдокторанты, инженер-химик Әсия Ермұхамбетованың пікірінше, егер әйел бәрін дұрыс жоспарлай білсе, отбасы, бала тәрбиесі мен жұмысты қатар алып жүру қиын дүние емес.
"Ғылым саласындағы әйелдің ойы үнемі жұмыста, өйткені көп ізденеді, ойды кейінге қалдыру мүмкін емес. Әрине ол уақытты талап етеді. Меніңше әйел адам отбасынан қолдау тапса, өзара түсіністік болса мамандығы мен жеке өмірін тең ұстауға болады. Ғалым-әйелдерге түсіністік танытып, қолдау қажет. Мен жас қыздарды ғылымды сүюге шақырамын. Қазіргі таңда техникалық мамандықты таңдайтын қыздар көбейді. Талант жыныс таңдамайды. Тарихта да бұл сөзіме дәлел бар. Ең бірінші бағдарламалаушы әйел кісі болған. Мен инженер-химикпін. ХХ ғасырда қызметкер әйелдерге қиын болған. Ал қазір қыз-келіншектерге өсуге, дамуға мүмкіндік көп. Сауатты әйел, біріншіден, білімді балалар, көзі ашық ұрпақтың кепілі дер едім", - деген ой қорытты жас ғалым.
Ал білікті заңгер Жібек Қараманованың ойынша, әйелге мансап пен жеке өмірін тең ұстау идеал нәрсе болғандықтан шынайы өмірде бұл жағдай мүмкін емес.
"Өмірдің ағысымен жүру керек. Өз алдыңа өмір сүріп жатырсың, сенің міндетің - денсаулығыңа көңіл бөлу, айналаңа зияныңды тигізбеу, біреуді сүю, жақсы көру. Әйелге мансап пен отбасылық өмірін тең ұстау идеал нәрсе. Ал өмірде мінсіз ештеңе жоқ. Мысалы әйел үй тірлігінде үлгермей қалуы мүмкін, немесе керісінше жұмысында идеал қызметкер болмауы мүмкін. Ең бастысы әр күнің пайдалы болса сол жеткілікті. Мен өзімді табысты әйелмін деп айта алмаймын. Табыс ұғымы өте субъективті. Біреулерге сырттай қарағанда жан-жақты әйел болып көрінуім мүмкін. Өз жұмысыңды сүйіп, махаббатпен істеу табыстың кілті. Ал бизнестегі әйелдер туралы айтар болсам, мұндайда бойыңдағы ер адамға тән қасиеттерді алға қоюға тура келеді. Бизнестегі әйел ер мінезді болады. Мысалы менің заңгерлік қызметімде де табысты болуға ер адамға тән қасиеттер көмектеседі", - дейді заңгер Жібек Қараманова.
"Болашақ" қауымдастығының тағы бір мүшесі - Әлия Оспанова да Қазақстандағы әйел құқығы туралы сөз алды. Ол әлемдегі ең ірі 500 корпорация (Financial times тізіміндегі 500 компания) қатарына жататын Microsoft, Ericson, Elsevier компанияларында жоғары лауазымды қызмет атқарып келеді. Әлия әлемнің 30-дан астам елінде мемлекеттік, корпоративтік және академиялық секторда стратегиялық даму бойынша кеңес беріп, табысты қызмет етіп жүрген қазақ қызы. Жоғары білім мен ғылым саласындағы халықаралық эксперт Орталық Азияда әйелдерге деген көзқарастың біржақты емес екенін алға тартады.
"Біз Орталық Азияда тұратынымызды білуіміз керек. Мұнда әйелдерге деген қарым-қатынас өзгеше. Өйткені менталитеті басқа. Әйел адам үйде отырып, отбасы, бала тәрбиесімен айналысу керек деген стереотип бар. Барлығы сондай деп айта алмаймын, әйелінің білім алып, өзін жетілдірсе дейтін ер адамдар бар. Бірақ әйелінің дамуына кедергі жасап жүрген ер адамдар да жеткілікті. Менің айтарым - ақылды әйел көп болса, жалпы ұлт ақылды болады. Қыз баланың білім алуына баса назар аудару қажет", - дейді халықаралық сарапшы.
Әлия Оспанова өз мансабында кездескен әйел адамға ыңғайсыз тұстарды атап өтті.
"Мен көптеген университеттердің басшылығына кеңес беріп келемін. Маған кезіккен кедергілер мынау. Кездесулерге барсаң, сенің әйел адам екеніңді көріп, менсінбеушілік байқалады. Өзіңді оларға дәлелдеу керексің. Сондықтан әйелдерге мақсатқа жетуге көбірек уақыт керек, бастысы бүгінгі заманда діттегеніңе жете аласың", - дейді Әлия Оспанова.
Онлайн семинарда бұдан өзге гендерлік саясат туралы да талқыланды. Онда тележүргізуші Ақкенже Әлімжан, телерадиожүргізуші Әйкерім Есенәлі, өнертану докторы Молдияр Ергебеков және "Болашақ" қауымдастығының атқарушы директоры, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Лаура Демесінова өз ойларын бөлісті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902060-qazaq-aieline-tabysty-bolu-onai-ma-qyzmettegi-qyz-kelinsekter-oz-taziribesin-aityp-berdi/