RU

Ақмола облысында ірі мөлшерде алтын ұрланды: Полиция істің мән-жайын жариялады

Полиция
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Ақмола облысында "Қазақалтын" компаниясына тиесілі 122 миллион теңгенің алтыны ұрланды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Облыстық полиция департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, 2 наурызға қараған түні "Қазақалтын" тау-кен комбинатында катодтық алтын ұрлап кеткен. Компанияға ірі көлемде шығын келгені белгілі болды.

Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 188-бабы, 4-бөлігі (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Шығынның жалпы көлемі 122 миллион теңгені құрап отыр.

"Осы іске қатысты адамдарды анықтау мақсатында арнайы шұғыл тергеу тобы құрылды. Оның құрамына криминалды полиция мен тергеудің тәжірибелі мамандары еніп отыр", – дейді полицейлер.

Еске сала кетсек, осыған дейін Қарағандыда қонаққа шақырылған азамат үй иесінің ұялы телефонын ұрлап, автокөлігін заңсыз айдап әкеткенін хабарлаған едік.

Одан бөлек, Түркістан облысында күдікті мешітке ұрлыққа түсіп, қайырымдылық жәшіктерін тонап кеткен болатын.

Сонымен қатар Түркістан облысында пәтер тонамақ болған әйел үй иесіне ұсталып қалғанын жазған болатынбыз.

Белгілі болғандай күдікті әйел бұрын сотты болған жергілікті тұрғын екен. Ол үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, "тығып кеткен" кілтті тауып алып, үйге заңсыз кірмек болыпты.

Қазіргі уақытта бөтеннің мүлкін ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902248-aqmola-oblysynda-iri-molserde-altyn-urlandy-policiya-istin-man-zaiyn-zariyalady/